Франция Қазақстанды Еуропа халқына таныстыра бастады
L’Essentiel des Relations Internationales журналының бүгінгі шығарылымы – қазақ-француз қарым-қатынасының дамуына күмәнсіз үлес. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Франция Президенті Эммануэль Макронның биыл қарашадағы Қазақстанға сапары кезінде Қытайдың жаңалықтар қызметіне берген сұхбатымда қазақ-француз қарым-қатынасы жайлы бірқатар тезис ұсынған едім. Сол жайында еске салайын. Біріншіден, Франция — Қазақстанмен стратегиялық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойған бірінші еуропалық ел болды. Қазіргі уақытта геосаясатта дауыл соғып тұр. Бірақ осындай жағдайда Франция Президенті Макронның сапары Қазақстанмен қарым-қатынастың жоғары деңгейінің көрсеткішіне айналды. Дәл осы өткен сапардың тарихи миссиясын білдіреді. Екіншіден, Еуропа саясаткерлер мен ірі бизнесті есепке алмасақ, Қазақстан және бүкіл Орталық Азия жайлы әзірше өте аз біледі. Біз француз әдебиеті мен тарихын білгенімізбен, француздар қазақстандық мәдениеттің және жалпы бүкіл еліміздің жетістіктері жайлы біле бермейді. Әрине, бұл айтарлықтай ақпараттық теңгерімсіздікті қалыптастырады және Қазақстанның Еуропадағы мүмкіндіктерін шектейді», — деп жазды Әділ Кәукенов Facebook парақшасында.
Дегенмен сарапшы Эммануэль Макронның Астанаға соңғы сапары жағдайды өзгерте бастағанын тілге тиек етті.
«L’Essentiel des Relations Internationales журналының бүгінгі шығарылымы Қазақстанға арналды. Бүкіл Францияда, Монакода, Бельгияда, Люксембургте және франкотілдес Африка елдерінде сатылатын бұл басылым халықаралық саясатқа машықтанған. Бүкіл әлемде 300 млн-нан астам адам ана тілі немесе мемлекет тілі ретінде француз тілінде сөйлейді. Яғни, Қазақстан туралы ақпарат осынау үлкен нарыққа кәсіби тұрғыда ілгерілейді. Бұл - еліміз үшін біршама жағымды жаңалық. Журналда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макронның кездесу қорытындысы бойынша сараптама, Қазақстан жайлы жалпы ақпарат және қазақстандық министрліктер мен мемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлерімен бірқатар сұхбат басылған», — деді ол.
Сарапшы ендігі уақытта Еуропада Қазақстан, жалпы Орталық Азия туралы ақпарат тапшылығы қысқарып, ынтымақтастық үшін зор мүмкіндіктер ашылатынын айтады.
«Мемлекет басшылары арасындағы кездесу қорытындысы тек қана бірлескен мәлімдеме емес, дәл осылай азаматтарға пайдалы ақпараттарды ілгерілету де болуы тиіс. L’Essentiel des Relations Internationales журналының бүгінгі шығарылымы — қазақ-француз қарым-қатынасының дамуына күмәнсіз үлес», — деді Әділ Кәукенов.
Бұған дейін аталған журналда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Қазақстанның жасампаз күнтәртібі» деп аталатын мақаласы жарияланғанын жазған едік.