Олимпиада-2024: Франция ашылу салтанатына қатысатын көрермен санын қысқартты
АСТАНА. KAZINFORМ — Мәскеу маңында болған лаңкестік әрекетке байланысты Франция теракт қаупінің ең жоғары деңгейін жариялады. Бұл туралы жексенбі, 24 наурызда X әлеуметтік желісінде елдің премьер-министрі Габриэль Атталь мәлім етті, деп хабарлайды Deutsche Welle агенттігі.
Оның айтуынша, Франция президенті Эммануэль Макрон Елисей сарайында елдің қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік кеңесін жинаған. Атталь кездесуге себеп ретінде 22 наурызда Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы Crocus City Hall концерт залында болған терактіні, бірнеше қарулы адам келушілерге оқ жаудырып, кейін ғимаратты өртеп жібергенін атады.
«Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) құрылымының лаңкестік әрекетке жауапкершілікті өз мойнына алуын және біздің елге төніп тұрған қоқан-лоққыларды ескере отырып, Вижипиратты (террорлық қауіп туралы ұлттық жүйе) ең жоғары деңгейге – «төтенше жағдайға» көтеру туралы шешім қабылдадық», – деді Атталь.
Наурыз айының басында Politico газеті Макрон 26 шілдеде өтетін Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында лаңкестік әрекет болуы мүмкін деген қауіпке байланысты көрермен санын қысқартуға бұйрық бергенін жазған. Газеттің хабарлауынша, ол кезде елдің барлау қызметі 2024 жылғы Олимпиада ойындарында жасалуы мүмкін лаңкестік әрекеттер қаупін тіркемеген, бірақ алаңдаушылық білдірген. Францияның Ішкі істер министрлігі бірқатар лаңкестік топ, соның ішінде «Ислам мемлекеті» мен «Әл-Каида» (Қазақстанда тыйым салынған - ред.) елді болашақ шабуылдар үшін ықтимал нысана, бірақ олардың шетелден ұйымдастырылуына «қаржылық мүмкіндіктердің» жоқтығы кедергі келтіреді деп санайды.
Айта кетсек, Париждегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты әдеттегідей стадионның ішінде емес, ашық алаңда — Сена жағалауында өтеді.