Франция мен Испания ресейліктер үшін виза талаптарын қатаңдатты
АСТАНА. KAZINFORM — Франция Ресей мен Беларусь азаматтары үшін өзінің теңіз аумақтарына кіру ережелерін қатаңдатты. Бұл туралы 16 маусым, дүйсенбі күні Ресей туроператорлар қауымдастығы хабарлады, деп жазды DW.

Бұған дейін аталған аумақтарға бару үшін ресейліктер мен беларусьтықтарға 6 айдан кем емес мерзімге берілген француздың C санатындағы көп мультивизасы жеткілікті болса, енді арнайы DFA визасын рәсімдеу қажет.
Ал Испания ресей азаматтарынан испан әуежайларында ауысып міну кезінде транзиттік виза талап етпекші.
Әңгіме келесі аумақтар туралы болып отыр: Француз Полинезиясы, Жаңа Каледония, Уоллис пен Футуна, Гваделупа, Мартиника, Сен-Мартен, Сен-Бартелеми, Реюньон, Майотта, Француз Гвианасы, Сен-Пьер мен Микелон.
Жаңа талаптар ұзақ мерзімді D санатындағы француз визасы барларға, сондай-ақ Шенген аймағы мен Еуропалық экономикалық аймақ елдерінде тұруға рұқсаты бар азаматтарға қатысты емес. (ЕЭА құрамына ЕО елдерімен қатар Исландия, Норвегия және Лихтенштейн кіреді.)
Испания ресейліктер үшін транзиттік визаларды енгізеді
2024 жылдың 12 шілдесінен бастап Испанияның халықаралық әуежайларында ауысып мінетін ресей азаматтары үшін TAP санатындағы транзиттік визаны рәсімдеу міндетті болады. Бұл туралы Испанияның Мәскеудегі консулдығы өз сайтында жариялады. Бұл талап Шенген визасы бар немесе Еуроодақ елдерінде тұруға рұқсаты бар азаматтарға қолданылмайды.
Айта кетейік, 2022 жылдың қарашасында Чехия, ал 2023 жылдың қыркүйегінде Ұлыбритания ресейліктер үшін әуежайлық транзиттік визаларды енгізген болатын. Сонымен қатар, Ресей азаматтарына Франция арқылы транзитпен ұшу үшін де виза қажет, егер олар Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Мысыр, Молдова, Түркия немесе Украинадан ұшатын болса.
2024 жылдың мамыр айында Норвегия ресейлік туристерге елге кіруге де, басқа Шенген елдеріне транзит арқылы өтулеріне де тыйым салды.
Еске сала кетейік, Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады.