Франция президенті саяси партия көшбасшыларымен әлемдегі жағдайды талқыламақ
АСТАНА. KAZINFORM – Франция Президенті Эмманюель Макрон Ле-Бурже қаласындағы Париж авиациялық көрмесіне әскери ұшақпен келіп, баспасөз маслихатында Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты парламентте пікірталас өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Сондай-ақ Франция президенті елдегі саяси партия көшбасшылары Таяу Шығыс мәселесімен қатар жақында Газа мен Украинадағы жағдай бойынша да пікір алмасу үшін жиналатынын хабарлады.
— Таңертең Премьер-министрмен сөйлестім, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс бойынша Конституциямыздың 50-1-бабына сәйкес пікірталас ұйымдастыра аламыз деп үміттенемін, — деді Э. Макрон.
Аталған конституциялық бап Үкіметке Сенат немесе ұлттық ассамблея алдында белгілі бір мәселе бойынша мәлімдеме жасауға мүмкіндік береді, оның арты пікірталасқа ұласады.
— Жағдай тұрақтала бастаған сәтте мен саяси партияларды Иран, Газа және Украина мәселесін талқылау үшін «Сен-Дени форматы» аясында жинаймын, — деп толықтырды Э. Макрон.
Осылайша, аталған кездесу келесі аптада өтетін НАТО саммитінен кейін жоспарда барын нақтылады.
Еске салсақ, 2023 жылы тамызда Франция президенті Израильде ХАМАС жасаған шабуылдардан кейін Парламентте ұсынылған партиялардың көшбасшыларын Париж маңындағы Сен-Дени қаласына шақырған болатын. Ал ақпанда Макрон Украинадағы жағдай мен қауіпсіздік мәселесін қайта талқылауға шақырды.
Жұма күні Франция президенті Женевада Париж, Берлин және Лондон Иран өкілдеріне ядролық қару мәселесін, баллистикалық қару-жарақ жөніндегі қызметті және өңірдегі лаңкестік топтарды қаржыландыруды қамтитын жан-жақты келіссөз жүргізуді ұсынатынын айтты.
— Ядролық қаруы бар Иран төндіретін қатерді ешкім елемеуі мүмкін емес. Бұл шынайы қауіп. Біз нақты мазмұндағы келіссөзге қайта оралуға басымдық беруіміз қажет, — деп мәлімдеді Франция президенті.
Сондай-ақ Э. Макрон Израильді Иранның азаматтық инфрақұрылымына жасап жатқан соққыны тоқтатуға шақырды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Женевада Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты Иран мен Еуропа елдері арасындағы келіссөз басталды.
Айта кетсек, Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейе түсті.
Одан бөлек Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) Иранның Арак қаласы маңында салынып жатқан ядролық нысанға соққы жасалғанын растады. Бұл ретте ВВС ұйым ең маңызды ғимараттарға зақым келді деп хабарлайды.