Франция прокурорлары Ле Пенді қамауға алуды талап етті
АСТАНА.KAZINFORM — Париж прокуратурасы «Ұлттық бірлестік» партиясының іс жүзіндегі жетекшісі Марин Ле Пенді бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығаруды, сондай-ақ оған сол мерзім ішінде мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салуды талап етті, деп жазады DW.
Егер сот айыптаумен келіссе, 56 жастағы Ле Пен 2027 жылы Франция президентінің сайлауына қатыса алмайды. Айыптаушылар сонымен қатар партияға екі миллион еуро айыппұл салуды талап етті.
Ле Пен мен Ұлттық бірлестіктің басқа 20-дан астам өкілі Еуроодақ қаражатын мақсатсыз пайдаланды деп айыпталып отыр. Айыптау тарапының айтуынша, саясаткер заңсыз «жүйені» басқарған, онда Еуропарламент депутаттарының көмекшісі болып жұмысқа орналасқан және сол үшін жалақы алатын адамдар іс жүзінде Ле Пеннің өзі немесе оның партиясы үшін жұмыс істеген. Жалпы шығын шамамен 7 миллион еуроны құрайды.
Прокурорлар адвокаттар апелляциялық шағым түсірсе де, мемлекеттік қызметте болуға тыйым салу дереу күшіне енуін талап етті. Ле Пеннің өзі прокурорларды «француз халқын қалаған адамға дауыс беру мүмкіндігінен айыруға» ұмтылды деп айыптады.
- Мен ешқандай заң бұзушылық немесе заңсыз әрекет жасадым деп ойламаймын, — деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сауалнамалар француз оңшыл көшбасшысы Марин Ле Пеннің президенттік сайлауда жеңіске жетуге бұрынғыдан да жақын екенін көрсетті. Дегенмен, жалғасып жатқан процесс М.Ле Пенді 2027 жылы президенттік сайлауға түсу мүмкіндігінен айыруы мүмкін.