Франция Сенегалдағы соңғы әскери бөлімдерін шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Франция 17 шілде күні Сенегал билігіне екі әскери нысанды қайтарып, 1960 жылдан бері жалғасқан тұрақты әскери қатысуын толық тоқтатты. Бұл туралы DW хабарлады.

Соңғы 350 француз әскери қызметкерін шығарып салу құрметіне арналған ресми рәсім Сенегал астанасы Дакарда өтті.
Осылайша Франция Батыс және Орталық Африкадағы бұрынғы отар елдерден әскерін шығаруды жалғастырып отыр. Париж бұл үдерісті 2022 жылы бастаған.
2025 жылдың ақпан айының соңында Франция Кот-д’Ивуар аумағынан, ал қаңтар айының соңында Чадтан өз күштерін толық шығарды. Бұған дейін Мали, Буркина-Фасо және Нигер елдерінде әскери төңкерістерден кейін билікке жаңа күштер келіп, Франциямен әскери ынтымақтастықты тоқтатқан болатын.
Қазір Орталық Африкада Францияның әскери қатысуы тек Габондағы бір ғана база шеңберінде сақталған. Бұл база жергілікті қарулы күштермен бірлесіп пайдаланылып отыр.
Сондай-ақ француз әскери қызметкерлері Джибутиде қызметін жалғастыруда.
Айта кетейік, Франция қорғаныс шығындарын екі есе арттырады.