Франция ядролық қаруын күшейтетін болды

АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті Эмманюэль Макрон өз елінің ядролық қару стратегиясын жаңартатынын жариялады, деп хабарлайды BBC.

Франция ядролық қаруын күшейтетін болды
Фото: ТАСС

Басылымның жазуынша, Франция ядролық оқтұмсықтар санын көбейтеді, олардың нақты құрамын жариялауды тоқтатады және ядролық күштерін одақтас еуропалық елдерге орналастыруға дайын, мысалы, Польша, Швеция және Ұлыбритания.

— Біз қауіп-қатерлерге қарсы ядролық қорғаныс күшімізді нығайтып, Еуропадағы стратегиямызды мұқият ойластыруымыз керек. Сол кезде ел егемендігімізді толық сақтай аламыз, — деді Макрон Франциядағы атомдық су асты кемелерінің базасында сөйлеген сөзінде.

Францияның ядролық қаруы әлемдегі төртінші ірі арсенал, шамамен 290 оқтұмсық бар.

Макронның айтуынша, енді ел ядролық қарудың құрамына қатысты мәліметтерді жарияламайды. Салыстыру үшін, АҚШ пен Ресейде мыңдаған оқтұмсық бар.

Макрон «заманауи қорғаныс» деп аталатын жаңа жүйені біртіндеп енгізетінін де хабарлады.

— Арсеналымызды жаңарту өте маңызды. Сондықтан мен ядролық оқтұмсықтар санын арттыруды тапсырдым, — деді ол. 

Франция ұсынған жаңа ядролық қорғаныс жоспарына сегіз еуропалық ел қосылды: Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Греция, Дания, Нидерланд, Польша және Швеция.

Бұл елдер өз территориясында француздық «стратегиялық әуе күштерін» орналастыра алады. Осылайша, олар Еуропа бойынша таралып, қарсыластардың есептерін қиындата алады, деді Макрон.

Сонымен қатар, бұл жүйе одақтас елдердің француздық ядролық жаттығуларға қатысуын да қамтуы мүмкін, мысалы, жақында өткен әскери жаттығуларда британдық әскерлердің қатысуы сияқты.

— Ұзақ қашықтыққа соққы жасау мүмкіндігі бойынша Германия, Ұлыбритания және Франция бірлесіп жұмыс істейтін болады, — деді Макрон.

Кейін Макрон мен Германия канцлері Фридрих Мерц бірлескен мәлімдеме жасап, Франция мен Германия ядролық қорғаныс саласында ынтымақтастықты күшейтетінін және биылдан бастап бірлескен жұмыс тобын құратынын хабарлады.

Келісім бойынша Германия француздық ядролық жаттығуларға қатысып, әдеттегі қарулар мен зымыран қорғанысы саласында үйлестіруді күшейтеді.

Бұл шаралар НАТО-ның ядролық қорғанысын толықтырады, оны алмастырмайды және екі елдің халықаралық міндеттемелерін бұзбайды.

Франция мен Ұлыбритания өз ядролық қаруына ие болса да, көптеген еуропалық ел қарсыластардан қорғану үшін негізінен АҚШ-қа сенеді. Бұл принцип трансатлантикалық қауіпсіздіктің негізі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймағы төрағалығын қабылдаған болатын.

Соңғы жаңалықтар
Референдум