Франция жасанды интеллект секторына 109 млрд еуро жеке инвестиция тартуды көздеп отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы 10-11 ақпанда Парижде өтетін жасанды интеллект (ЖИ) мәселелері жөніндегі саммит қарсаңында Франция президенті Эмманюэль Макрон мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Айтулы шараға мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ірі және шағын компаниялардың басшылары, академиялық орта, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен азаматтық қоғам өкілдері жиналды.
Жоғары мәртебелі қонақтар арасында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен бар.
Джей Ди Вэнс пен Урсула фон дер Ляйеннің сөз сөйлеуі сейсенбіге жоспарланған.
Саммиттің күн тәртібінде ЖИ қауіпсіз дамуы, оның қоғамға әсері және ЖИ технологияларының гуманистік құндылықтарға сәйкес келуі және қоғам мүдделеріне қызмет етуін қамтамасыз ету стратегиялары туралы талқылаулар бар. Негізгі тақырыптарға жұмыс орындарын құру, мәдени әсер және экологиялық тұрақтылық кіреді.
Франция президенті Эмманюэль Макронның алдағы жылдары Франциядағы ЖИ секторына шамамен 109 млрд еуро жеке инвестиция тартатыны туралы жариялауы негізгі мәлімдеме болды. Бұл инвестиция ЖИ үшін жаһандық жарыста Еуропаның позициясын нығайтуға бағытталған.
Бұдан бөлек, Франция мен БАӘ 30 млрд доллардан 50 млрд долларға дейінгі инвестицияны қамтитын 1 гигаваттық деректер орталығын салу туралы келісті.
Саммит сонымен қатар ЖИ дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді, этикалық стандарттар мен елдер арасындағы ортақ құндылықтардың қажеттілігіне назар аудартады. Пікірталас барысында ЖИ саласындағы көшбасшылық «батыс, либералды, демократиялық» елдердің рөлі көрсетіліп, бұл ретте Қытай сияқты елдердің ықпалына сақтықпен қарау қажеттігі атап өтілді.
Бұл ретте танымал америкалық кәсіпкер Илон Маск Парижде өтетін жасанды интеллект саммитіне қатысуды жоспарлап отырған жоқ.
Технологиялық миллиардер X-тегі эфирде «Вашингтондағы маңызды жұмыстарға байланысты» қолы босамайтындықтан қатыса алмайтынын айтып, бірақ бейне режим арқылы қатысуды ұсынды.