Францияда алғаш рет COVID-19 вирусының жаңа нұсқасын жұқтырудың 4 жағдайы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияда алғаш рет COVID-19 вирусының жаңа NB.1.8.1 түрін жұқтырудың төрт жағдайы анықталды, деп хабарлайды BFMTV.

Азияда COVID-19 жұқтырғандар саны артып келеді
Фото: euronews.com

- Бұл туралы бірнеше ел хабарлаған. Біз олардың бірнешеуін Франциядан анықтадық. Нақтырақ айтқанда 4 жағдай ауруханадан және тұрғындар арасынан анықталды, - деді жергілікті вирусолог Бруно Лина.

Еуропалық алдын алу және бақылау орталығы BFMTV тілшісіне NB.1.8.1 штаммының вирустары Германия, Ирландия, Нидерланд, Испания мен Швецияда анықталғанын хабарлады.

Қазіргі таңда Қытайда белсенді тарап, Азия құрлығының кейбір бөліктерінен де табылып жатқан NB.1.8.1 штаммы COVID-19 вирусының кең тарауына, Гонконг пен Тайваньда науқастардың ауруханаға түсуіне себеп болды.

Мамандардың айтуынша, аталған вирус аса күрделі емес деп саналады, соған қарамастан ресми өкілдер адамдар көп шоғырланатын орындарда маска тағып, вакцина мен емдеу құралдарын көбірек жинау керектігін айтып отыр.

Осыған дейін жүргізілген зерттеулер бұл нұсқаның адам клеткаларымен тығыз байланысына байланысты тез тарайтынын көрсетті. Алайда ол өзге штамдармен салыстырғанда иммунитет үшін аса қауіпті емес.

Осыған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жыл басынан бері 51 адам коронавирус жұқтырғаны туралы хабарлағанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар