Францияда Брижит Бардомен қоштасу рәсімі өтті

АСТАНА. KAZINFORM — 7 қаңтар күні Францияның атақты жұлдызы Брижит Бардомен қоштасу рәсімі Сен-Тропе қаласындағы Нотр-Дам-де-л’Ассомпсьон католик шіркеуінде өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Брижит Бардо, похороны
Фото: The Guardian

Бардоның рухына тағзым ету шарасы Француз Ривьерасындағы курортта ұйымдастырылды. Ол актрисалық мансабын аяқтағаннан кейін осы өңірде 50 жылдан астам уақыт өмір сүрген. Қоштасу рәсіміне әншілер, жануарлар құқығын қорғаушылар және қоғам қайраткерлері, соның ішінде әсіреоңшыл күштердің көшбасшысы Марин Ле Пен қатысты.

Брижит Бардо 2025 жылғы 28 желтоқсанда Ла-Мадрагтағы жеке вилласында 91 жасында қайтыс болды. Панихида алдында оның жұбайы Бернар д’Ормаль Бардоның қатерлі ісіктен көз жұмғанын мәлімдеді. Дегенмен ол аурудың нақты түрін атамады. Paris Match басылымына берген сұхбатында жұбайының екі операцияны «өте жақсы» өткергенін, соған қарамастан дерттің өткен айда оны алып кеткенін айтты.

Брижит Бардо 1950 жылдары халықаралық деңгейде танымал болып, «Құдай әйелді жаратты» фильмі арқылы француз кинематографиясында төңкеріс жасаған актриса ретінде тарихта қалды. Ол дәстүрлі көзқарастарға қарсы шығып, сексуалдық еркіндіктің символына айналды.

1970 жылдары Бардо актерлік қызметін тоқтатып, жануарлар құқығын қорғау ісіне белсене араласты. Сонымен қатар, ол саяси өмірге де қатысып, әсіреоңшыл бағыттағы көзқарастарымен танылды. Иммиграцияға қатысты қатаң мәлімдемелері оның өмірінің соңғы кезеңінде кейбір жанкүйерлерінің теріс көзқарасын тудырды.

Жерлеу рәсіміне Бардоның отбасы мүшелері, оның ішінде ұлы Николя-Жак Шаррье, француз әншілері Жан-Рош пен Мирей Матье, тележүргізуші Каролин Маржеридон, сондай-ақ теңіз экологиясы мен жануарлар құқығын қорғаушы канадалық-америкалық белсенді Пол Уотсон қатысты.

Еске салсақ, өткен айда «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінің жұлдызы Вера Алентова қайтыс болғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар