Францияда бюджет қысқартуға қарсы жалпыұлттық ереуілге дайындық жүріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Францияда бейсенбі күні бюджетті қысқартуға қарсы наразылық аясында мұғалімдер, пойыз машинистері, фармацевтер мен аурухана қызметкерлері ел көлемінде жалпыұлттық ереуілге шығуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Кәсіподақтар үкіметтен мемлекеттік қызметтерге жұмсалатын шығындарды көбейтуді, байларға салықты арттыруды және мемлекеттік зейнетақы жүйесіне енгізілген танымал емес реформаларды жоюды талап етіп отыр.
Бұл әлеуметтік толқулар ел президенті Эмманюэль Макрон мен жуырда ғана тағайындалған премьер-министр Себастьен Лекорню тап болған саяси дағдарыс жағдайында өршіп отыр. Сонымен қатар, үкіметке ел қаржысын бақылауға алу қажеттігі де қысым туғызып отыр, деп жазады Reuters агенттігі.
Франция Ішкі істер министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасаған Reuters агенттігі ереуілдер мен шерулерге 800 мыңға дейін адам қатысады деп болжауда.
— Біз өкілдік ететін жұмысшылар ашулы, — делінген Францияның жетекші кәсіподақтарының бірлескен мәлімдемесінде.
Олар бұрынғы үкіметтің қаржылық жоспарын «қатігез» және «әділетсіз» деп атады.
Өткен жылы Франция бюджетінің тапшылығы ЕО белгілеген 3% шегінен екі есеге жуық асып түсті. Ал Лекорню бұл тапшылықты қысқартуға тырысқанымен, оған парламенттегі қолдауды алу үшін өзге партиялардың көмегіне жүгінуге тура келеді. 2026 жылғы бюджет жобасын қабылдату оңай болмайды — бұл саяси күресті қажет етеді.
Лекорню өткен аптада премьер-министр болып тағайындалған еді. Бұған дейін парламент Франсуа Байруды отставкаға жіберген болатын. Ол бюджет шығындарын 44 миллиард еуроға қысқартуды ұсынған болатын.
Францияның Ішкі істер министрі Брюно Ретайо BFM TV телеарнасына берген сұхбатында ереуілдерге қарсы 80 мың полиция мен жандарм жұмылдырылатынын айтты.
Сондай-ақ тәртіпсіздіктерге қарсы бөлімшелер, дрондар және бронетехника сақадай сай тұрмақ. Ретайоның айтуынша, олар нысандарды бұғаттау әрекеттеріне және диверсияға жол бермеу үшін қажет. Министр кейбір топтар тәртіп сақшыларымен қақтығыс орнатуға тырысуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Бұдан бұрын Францияның жаңа премьер-министрі үкімет мүшелеріне берілетін «өмір бойғы» жеңілдіктерді алып тастауды жоспарлап отырғанын жазған едік.