Францияда екінші рет жарық өшті: диверсия болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Ривьера өңірінде 48 сағат ішінде екінші ірі электр қуатының үзілуі тіркелді. Бұл жолы — Ниццадағы қосалқы станцияда жексенбіге қараған түні шыққан өртке байланысты жарыө сөнді, деп жазды Oxu.Az BBC-ге сілтеме жасап.

Алдын ала бағалауға қарағанда, бұл оқиға әдейі жасалған әрекет болуы мүмкін. Өрт жергілікті уақытпен түнгі сағат 2 шамасында шыққан. Нәтижесінде 45 000 үй жарықсыз қалды.
Электр қуатының үзілуі Ницца әуежайын, трамвай жүйесін және жақын маңдағы Сен-Лоран-дю-Вар мен Кань-сюр-Мер елді мекендерін де қамтыды. Электр қуаты тек таңертең қайта қосылды.
Ницца мэрі Кристиан Эстрози бұл оқиғаны қатаң айыптап, оны «елге қарсы жасалған қылмыстық әрекет» деп атады. Ал мэрдің орынбасары Гаэль Нофри өрттің «қылмыстық сипаты болуы мүмкін» екенін мәлімдеді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, полиция оқиға орнында дөңгелек іздерін және бұзылған есіктерді анықтаған.
Бұл оқиға Канн қаласында электр жарығы үзілгеннен кейінгі күні болды. Онда дәл сол уақытта халықаралық кинофестиваль өтіп жатқан. Ол жерде де өрт күдігі бар: шамамен 160 000 үй жарықсыз қалып, бірнеше кино көрсетілім тоқтатылған. Тек генераторларға ауысу арқылы фестивальді жалғастыру мүмкін болды.
Қазіргі таңда екі оқиғаның бір-бірімен байланысы бар екені ресми түрде расталмаған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Францияда блэкаут болып, мыңдаған үйлер мен Канн кинофестивалі жарықсыз қалғанын жазған едік.