Францияда қала әкімдігіне шабуыл жасалды
АСТАНА. KAZINFORM - Париж маңындағы Френ қаласында (Валь-де-Марн департаменті) белгісіз топ қала әкімдігі ғимаратына шабуыл жасады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Еуроодақтағы меншікті тілшісі хабарлады.
Le Figaro дерегінше, оқиға сенбіге қараған түні — жаңа муниципалдық команданың қызметіне ресми кірісуіне бірнеше сағат қалғанда болған. Қара киім киіп бетін тұмшалап алған шамамен 20 адам Пьер және Мари Кюри алаңындағы әкімдік ғимаратының қасбетіне пиротехникалық құралдарды қолданып шабуыл жасаған.
Кіреберіс есіктерді бұзып кірген шабуылдаушылар ғимарат ішінде ойран салған: жиһаз бүлініп, бірнеше кабинет тоналған. Кері шегінген кезде олар автомектептің витринасын сындырып, мотоциклді ұрлап кеткен, сондай-ақ жергілікті банк бөлімшесінің қасбетіне зиян келтірген.
15 наурызда өткен муниципалдық сайлауда оңшыл-орталық бағыттағы «Республикалықтар» партиясынан кандидат Кристоф Карлье небәрі 107 дауыс айырмасымен солшыл көпшілікті артта қалдырып, жеңіске жеткен болатын.
Шабуыл жаңа әкімшілікке қысым көрсету әрекеті болуы мүмкін екендігі де айтылды. Оқиғаға қарамастан, сенбі күні таңертең муниципалдық кеңес Іль-де-Франс өңірінің президенті Валери Пекресснің қатысуымен жиналып, Кристоф Карльеді ресми түрде қала мэрі етіп сайлады.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес те бұл оқиғаны қатаң айыптады.
Оның айтуынша, әкімдікке жасалған шабуыл — республикаға қарсы тікелей шабуыл.
-Бұл вандализм әрекетіне қатысы бар тұлғаларды анықтап, ұстау және жауапқа тарту үшін бар күшімізді саламыз, — деді министр.
Тергеу ісі Валь-де-Марн аумақтық қауіпсіздік қызметіне тапсырылды.
Осыған дейін Францияда 770 мың студенттің жеке деректері жария болғаны туралы жаздық.
https://kaz.inform.kz/news/frantsiyada-770-min-studenttn-zheke-derekter-zhariya-boldi-1f1f1a/