Францияда қалып қойған Қазақстан азаматтарын қайтару тәртібі жеңілдейді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Француз Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.
- Мемлекет басшысының Францияға сапары барысында осы келісімге 2024 жылы
5 қарашада қол қойылды. Келісіммен өзге елде болу шарттарын бұзған немесе қиын жағдайға тап болған, яғни құжаттарын жоғалтқан адамдарды өз азаматтығы бар елге қайтару көзделеді. Ел азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттар болмаса немесе Францияда заңсыз жүрсе, оларға қандай да бір санкциясыз (әкімшілік айыппұл салу түрінде) қайтаруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, осы елдің уәкілетті органдары азаматтың еліне оралу үшін құжаттарды ресімдеуге көмек көрсететін болады, - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.
Оның айтуынша, тараптар үшін жауапты орган ретінде Ішкі істер министрлігі айқындалған. Келісім халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалған.
- Қазір Қазақстан реадмиссия бойынша 20 елмен келісім жасап, белсенді жұмыс істеп жатыр. Келісімнің күшіне енуі көші-қонды бақылауды арттырып, екі елдің ынтымақтастығын нығайтады, - деді министрдің орынбасары.
Бұған дейін Қазақстан мен Франция арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы құжат қаралатынын жазған едік.