Францияда түрме қызметкерлері наразылыққа шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Францияда пенитенциарлық мекемелер қызметкерлері түрмелердің шамадан тыс толып кетуі мен қызметкерлер тапшылығына қарсы наразылық акцияларын бастады, деп хабарлайды Euronews.
Кәсіподақ өкілдерінің мәліметінше, елдегі камералардың толымдылығы белгіленген нормадан асып кеткен. Осыған байланысты 27 сәуір, дүйсенбі күні О-де-Франс өңіріндегі 17 түрменің 14-інде наразылық акциялары өтті.
Наразылық барысында түрме қақпалары бұғатталып, тұтқындармен кездесулер мен оларды тасымалдау уақытша тоқтатылған. Жалпы алғанда, акцияға елдегі 190 мекеменің 80-і қатысып жатыр.
– Қазіргі жағдай төтенше шараларды талап етеді. Түрмелердегі адам саны шектен асып, жүйеге ауыр салмақ түсіріп отыр, – деп мәлімдеді кәсіподақ өкілдері.
Олардың айтуынша, наурыз айындағы дерек бойынша Франциядағы түрмелердің толымдылығы 137,5%-ға жеткен. Жазғы ыстық басталғанда жағдай одан әрі күрделене түсуі мүмкін.
Кәсіподақ биліктен түрмелерді «жеңілдетуге» бағытталған шұғыл жоспар қабылдауды талап етуде. Ал Франция үкіметі бұл мәселені шешу үшін заң жобасын әзірлеп жатыр, алайда оны Ұлттық жиналысқа енгізу мерзімі әзірге белгісіз.
Сонымен қатар Әділет министрлігі қосымша 3 мың орын ашуды жоспарлап отыр. Оның жартысын 2027 жылға дейін іске қосу көзделген.
Айта кетейік, бұған дейін Парижде автобус жүргізушілері де наразылық акциясына шыққан болатын.