Францияда зейнеткерлік жас 64-ке дейін көтерілмейді
АСТАНА. KAZINFORM — Франция парламентінің төменгі палатасы — Ұлттық жиналыс зейнетақы реформасын тоқтата тұру туралы дауыс берді. Осылайша, премьер-министр Себастьен Лекорнюдің үкіметі сенімсіздік вотумын болдырмау үшін оппозицияның шарттарын орындады, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.
Депутаттар қабылдаған түзету Франциядағы зейнеткерлік жас президент Эмманюэль Макрон жоспарлағандай 64 жасқа дейін көтерілмей, 2027 жылғы президент сайлауына дейін 62 жыл тоғыз ай деңгейінде қалатынын білдіреді.
— Үш жарым миллион француз халқы ертерек зейнетке шыға алады, — деп мәлімдеді социалист депутат Мелани Томин.
Үкіметтің пікірінше, бұл бюджетке 2026 жылы 400 млн еуроға дейін, ал 2027 жылы 1,8 млрд еуроға дейін шығын әкеледі. Парламент мүшелері енді зейнетақы реформасын тоқтатуды қаржыландыру үшін жалпы әлеуметтік жарнаны (CSG) арттыру мәселесін талқылауы керек. Бұдан басқа, бұл шешімді енді Франция парламентінің жоғарғы палатасы — Сенат та мақұлдауы тиіс.
Премьер-министр Лекорню социалистердің талаптарын қанағаттандырды
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню Макрон оны премьер-министр етіп қайта тағайындағаннан кейін 14 қазанда Ұлттық жиналысқа зейнетақы реформасын тоқтата тұруды ұсынды. Бұл тоқтату социалистердің негізгі талаптарының бірі болды, олардың дауыстары Лекорню үшін сенімсіздік вотумын білдіруден болдырмау және 2026 жылғы бюджетті ілгерілету үшін қажет еді, ал оның алдында премьер-министр Франсуа Байру бұл жетістікке жете алмады.
Франциядағы даулы зейнетақы реформасы
Эмманюэль Макрон зейнетақы жасын 62-ден 64-ке дейін көтеру туралы заңға 2023 жылдың сәуірінде қол қойды. Франция президенті бұл қадамды зейнетақы қорындағы айтарлықтай тапшылықпен түсіндірді. Заң бұл өзгерісті парламентте талқылаусыз немесе дауыс берусіз қабылдауға мүмкіндік беретін Конституцияның 49.3-бабына сәйкес қабылданды,
Сауалнамаларға сәйкес, Франция азаматтарының көпшілігі реформаны қабылдаған жоқ. Макрон тиісті заңға қол қойғаннан кейін бүкіл елде жаппай наразылық басталды.
Парламентті айналып өтетін заңдарды қабылдау үшін 49.3-бапты пайдалануды тоқтату социалистердің Лекорнюге қойған екінші шарты болды. Ол оны да орындауға уәде берді.
Бұған дейін Францияда мыңдаған адам бюджетті үнемдеу шараларына қарсы шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Макрон Себастьен Лекорнюді Францияның премьер-министрі етіп қайта тағайындағанын жаздық.