Францияда жоғары сыныптарға мобильді телефон пайдалануға тыйым салынбақ

ПАРИЖ. KAZINFORM — Франция билігі жоғары сыныптарға мобильді телефон пайдалануға тыйым салуды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Белта BFMTV арнасына сілтеме жасап, хабарлады.

телефон
Фото: Anadolu

— Біз орта мектептерде мобильді телефондарды алып тастадық. Мүмкін, келесі оқу жылынан бастап бұл ережені жоғары сыныптарға да енгіземіз, — деді бүгін Франция Президенті Эммануэль Макрон Вогез департаментінің Меркур қаласында.

Оның айтуынша, «цифрлық үзіліс» (мобильді телефондарды толық пайдалануға тыйым салу) орта мектептерде 2025 жылы кезең-кезеңмен енгізіле бастайды. Өткен жылы бұл тәжірибе жүзінде шамамен жүз орта мектепте тексерілген. Макрон бұл шараның «өте жақсы жұмыс істейтінін» атап өтті.

Сонымен қатар, ол Францияда «жасөспірімдер арасында жалғыздық пен психикалық денсаулық мәселелерінің артуы» байқалып отырғанын айтты. Бұл жағдай, оның айтуынша, әсіресе жастардың әлеуметтік желіге көп уақыт арнауына байланысты болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея мектептерде смартфон қолдануға тыйым салғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар