Франциядағы саяси дағдарыс: билік пен қоғам арасындағы теңсіздік тереңдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Себастьен Лекорню Франция премьер-министрлігіне 9 қыркүйекте тағайындалғанымен, 27 күннен кейін, яғни 6 қазанда отставкаға кетуге мәжбүр болды. Бұл оқиға биліктің тұрақтылығына қатысты күмәнді күшейтті.
Президент Эмманюэль Макрон Лекорнюге мемлекет тұрақтылығын қалпына келтіру жоспарын дайындауға екі күн берді. Бірақ бұл шешім де халық сенімін қалпына келтіре алмады. Жүргізілген сауалнамаға қарағанда, француздардың 75%-ы премьердің отставкасын қолдаған.
Енді ел басшысы парламенттік фракциялардың жетекшілерімен жаңа ымыраға келуге тырысатын жаңа премьер-министр іздеуге мәжбүр. Бірақ бұл мәселенің шешімі бұрынғыдан қиын болмақ, өйткені премьерлер отставкаға кеткен сайын партиялар жетекшілерінің ұстанымдары нығая түскен.
— Тактикалық тұрғыдан алғанда, бұл жаңа бюджетті қабылдау қажеттілігіне байланысты. Оны қысқарту үшін айтарлықтай ауыр қадамдар жасалуы керек. Мұндай жағдайда солшыл, оңшыл және орталық көшбасшыларының келісімге келуі қиындай түспек, себебі қысқартулар кімнің есебінен жүзеге асады деген сұрақ туындайды.
Сонымен қатар Франциядағы саяси күштер үшін 2027 жылы өтетін президенттік сайлауға қатысты стратегиялық мәселе де өзекті. Әрине, бұл сайлауға қатысушылардың барлығы өздеріне қатысты саяси партиялардың 2025 жылы үкімет қабылдауы тиіс ұнамсыз шешімдер кесірінен позицияларын әлсіретіп алмауы керектігін қазірден ойлануы керек.
Өйткені, бұрынғы премьер-министр Байру үкіметі ұсынған жоспарға сәйкес, бюджет шығыстарын 44 млрд еуроға қысқарту ұсынылған. Оның үстіне, мұны бюджеттік сала қызметкерлерінің зейнетақысы мен жалақысын индекстеуден бас тарту арқылы жасау көзделген. Инфляцияның өсуі жағдайында бұл халықтың айтарлықтай бөлігі үшін өте ауыр шешім болмақ, — дейді Kazinform халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбеков.
Бюджет парламент дауысынсыз қабылдануы да мүмкін. Бірақ, бұл пункт кезінде басқару тиімділігін арттыру үшін енгізілгенімен, қазір демократиялық тепе-теңдікке қауіп төндіріп отыр. Халық наразылығы дәл осы билік шоғырлануының салдарынан күшейді.
— Егер келісімге қол жеткізілмесе, Макрон парламентті тарата алады немесе Франция Конституциясының 49.3-бабына сүйенуі мүмкін, оған сәйкес үкімет бюджетті парламентпен талқыламай-ақ қабылдай алады. 2023 жылы зейнет жасын көтеру туралы заң осылай қабылданған болатын. Бірақ мұндай жағдайда Макрон әртүрлі саяси күштер арасында жауапкершілікті бөле алмайды. Бұл оның өзі жақтайтын саяси спектрдің шартты орталығынан президенттікке түсетін келесі кандидаттың кандидатурасын қатты әлсіретеді, — дейді сарапшы.
Ел экономикасының өсімі бар болғаны 0,6% деңгейінде. Бюджет тапшылығы — 5,8%, бұл — Еуроодақтағы рұқсат етілген шектен (3%) әлдеқайда жоғары. Биылғы бірінші тоқсанда мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 115,6%-ы, яғни 3,4 трлн еуроға жеткен.
— Төмен бағамен ресурстарды тартуды жалғастыру үшін Франция қазіргі тығырықтан шығу үрдісін көрсетуі керек. Бірақ нарықтар бірден сезінетін белгісіздік жағдайында мұны істеу өте қиын. Осы қыркүйекте Fitch Францияның рейтингін АА-дан A±ға дейін төмендетті, бұл ел үшін қарыз алуды қымбаттатады, — дейді С. Әкімбеков.
Франция билігінің алдындағы басты міндет — қоғаммен жаңа әлеуметтік келісім орнату. Билік пен оппозиция арасындағы диалог пен өзара ымыра елді тұрақтылыққа қайта әкелудің жалғыз жолы болып тұр. Әйтпесе, бүгінгі дағдарыс тек ішкі емес, еуропалық демократияның да әлсіз тұсын көрсететін мысалға айналуы ықтимал.
Айта кетсек, күні кеше Елисей сарайы жаңа сайлау өткізілуі мүмкін деген болжамды жоққа шығарып, Эммануэль Макрон елдің жаңа премьер-министрін 48 сағат ішінде тағайындайтынын мәлімдеді.
Камила Мүлік