Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 2 мыңнан астам адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Францияда жаппай наразылық шаралары тәртіпсіздіктерге ұласып, 2 мыңнан астам адам ұсталды. Қақтығыстар кезінде полиция мен өрт сөндіру қызметінің 600-ден астам қызметкері зардап шеккен. Осы жағдайға байланысты Франция президенті Эммануэль Макрон халыққа үндеу жасамақшы. Бұл туралы DW агенттігі жазды.
Ұсталғандар саны туралы елдің ішкі істер министрі Лоран Нуньес мәлімдеді. Оның айтуынша, әзірге жарияланған деректер алдын ала алынған. Министр тәртіпсіздік пен зорлық-зомбылыққа қатысқандардың барлығы жауапқа тартылатынын айтты.
Наразылық акциялары Париж, Марсель, Лион, Бордо, Ренн, Страсбург, Гренобль, Ницца және Лимож қалаларында өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шерулерге 800 мыңнан астам адам қатысқан. Наразылар өмір сүру құнының, жанармай бағасының өсуіне және мемлекеттік қызметтердің жұмысына қатысты мәселелерге назар аударуды талап етті.
Алайда наразылықтар тәртіпсіздікке ұласты. Марсельде акцияға қатысушылар мэрия ғимаратына кірсе, Бордода жүзге жуық дүкен тоналды. Ал Лимож қаласында шыққан өрт салдарынан XIX ғасырда салынған тарихи мэрия ғимаратына айтарлықтай зақым келді.
Осы жағдайға байланысты Эммануэль Макрон 18 қазан күні кешке халыққа үндеу жасамақ. Бұған дейін ол елдегі ахуалды премьер-министр Себастьен Лекорню және бірнеше министрмен талқылайды.
Айта кетелік Париж көшелерін тазалауға коммуналдық қызметкерлер үш есе көп жұмылдырылған еді.