Францияның агросекторы күрделі кезеңге тап болды
АСТАНА. KAZINFORM – Францияның азық-түлік қауіпсіздігі жарты ғасырда алғаш рет қауіпке ұшырады, деп хабарлайды Еuronews.
Ауыл шаруашылығы министрі 10 жылдық азық-түлік стратегиясын айқындау бойынша консультацияларды бастады.
Францияның азық-түлік балансы шамамен елу жылдан бері алғаш рет теріс көрсеткіш көрсетуі мүмкін.
Францияның ауыл шаруашылығы министрі Анни Женевэр «азық-түлік дабылын» жариялады. Париж жанындағы Рунжи ірі көтерме базарында ол фермер, кәсіпкер және сарапшылармен бүкілұлттық консультацияларды бастап, алдағы онжылдыққа арналған азық-түлік стратегиясын әзірлеуді көздеп отыр.
Бүгінде Франция тұтынатын қой етінің 60 пайызын, жеміс-жидек, көкөніс пен құс етінің жартысын, сиыр етінің 25 пайызын импорттайды.
— Франция жақсы тамақтану үшін көбірек өндіруі керек, — деді Женевэр.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары АҚШ, Қытай және Ресей ауыл шаруашылығына мемлекеттік инвестицияны айтарлықтай арттырса, Еуропалық одақ керісінше, қысқартқан.
Фермерлер кәсіподақтары министрдің үндеуіне жауап береміз дегенімен, Женевэрдің де, жалпы француз үкіметінің де ұстанымын сынға алып отыр.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлері «азық-түлік дабылы» терминінің өзіне-ақ наразы.
— Бұл сектор ұйықтап жатқандай әсер қалдыруы мүмкін; жағдай мүлдем басқаша: фермерлер ешқашан ұйықтаған емес, олар сергек, көбіне жағдайдың қиындығына байланысты ашулы, — деп мәлімдеді FNSEA кәсіподағы.
Фермерлер қазіргі ахуалдың бағаның өсуі мен өндірістің қысқаруының себептерінің бірі ретінде шаруаларға жүктелген экологиялық шектеулерді атап өтті.
Үкіметтің ұстанымын олар қарама-қайшы деп сипаттайды. Бір жағынан, Франциядағы ауыл шаруашылығы өндірісінің жағдайына алаңдаушылық білдіреді, ал екінші жағынан, Марокко, Украина, Мексика, Жаңа Зеландия және Меркосур блогымен жасалған сауда келісімдеріне «жасыл шам» жағып отыр.
Фермерлердің айтуынша, бұл келісімдер француз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі төмендетеді.
Айта кетелік Парижде Франция үкіметінің бюджет саясатына қарсы наразылық акциясы өтті.