Францияның бұрынғы премьер-министрі президенттікке кандидатурасын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның бұрынғы премьер-министрі Доминик де Вильпен 2027 жылы өтетін президент сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Доминик де Вильпен
Фото: ТАСС

73 жастағы саясаткер бұл шешімін 20 қарашада Париждегі Латын Америкасы үйінде өткен баспасөз мәслихатында жариялады. 

– Мен 2027 жылғы президент сайлауына қатысамын, – деді  Вильпен жақтастарының қошеметімен.

Ол бұл шешімді қабылдау оңай болмағанын айтып, келесі президенттің мойнына артылатын жауапкершіліктің салмағын сезінетінін жеткізді.

«Гуманистік Франция» (La France humaniste) қозғалысының негізін қалаушы өз сөзінде елде бірнеше дағдарыс белең алғанын айтты. Оның ойынша, бұған «Ұлттық бірлестік», «Тәуелсіз Франция» партиялары және президент Эмманюэль Макронның жақтастары жауапты.

Бұған қоса саясаткер 200-ден астам ұсынысты қамтитын сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Онда салықтық жеңілдіктерді жою, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, референдумдарды тұрақты өткізу, 16 жастан бастап дауыс беру құқығын беру және бюджет тапшылығын 3 пайыздан асырмау бастамалары қамтылған. Бұдан бөлек сыртқы саясатта ол Франция, Германия, Италия, Испания және Польша қатысатын Еуропалық қауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды.

Президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін де Вильпен сайланбалы қызмет атқаратын 500 лауазымды тұлғаның қолдауын алуы керек. Оның сайлауалды штабының хабарлауынша, әзірге 300-ден астам лауазымды тұлға қол қоюға уәде берген. Айта кетейік, де Вильпен 2012 жылы да президенттікке үміткер болуға талпынып, дәл осы талапты орындай алмаған еді.

Сауалнама нәтижесі бойынша, Доминик де Вильпеннің рейтингі 1-3 пайыз аралығында. Ал 18 қарашада жарияланған Ifop-Fiducial зерттеуінде Марин Ле Пенге («Ұлттық бірлестік» партиясы) респонденттердің 32-36 пайызы, Жан-Люк Меланшонға («Тәуелсіз Франция» партиясы) 17-19,5 пайызы дауыс беруге дайын екенін білдірген.

Де Вильпен қараша айында президент сайлауына қатысатынын жариялаған үшінші саясаткер атанды. Бұған дейін дзюдодан Олимпиада чемпионы Тедди Ринер мен «Реконкиста» партиясының жетекшісі Эрик Земмур да осындай мәлімдеме жасаған болатын. Бұдан бөлек орталықшылдар мен оңшылдар арасынан президенттікке үміткер ретінде бұрынғы премьер-министрлер Эдуар Филипп пен Габриэль Атталь, сондай-ақ Брюно Ретайо да бар.

Еске сала кетейік, Доминик де Вильпен Жак Ширак президент болған кезеңде бірқатар жоғары лауазымды қызмет атқарды. Атап айтқанда, 2002-2004 жылдары Сыртқы істер министрі, 2004-2005 жылдары Ішкі істер министрі, ал 2005-2007 жылдары Францияның премьер-министрі болды. Ол 2003 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Иракқа қарсы әскери басқыншылыққа қарсылық білдіріп сөйлеген сөзінен кейін кеңінен танылды.

Бұған дейін Францияда 2027 жылғы президент сайлауының күндері белгіленгені хабарланған болатын.