Францияның экс-президенті Николя Саркози түрмеде арнайы күзетке алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози Париждегі Санте түрмесінде арнайы күзетке алынды. Оны қорғау үшін екі полицей көрші камерада кезекшілік атқарып отыр, деп хабарлайды DW.

п
Фото: Aurelien Morissard/PanoramiC/IMAGO

Елдің ішкі істер министрі Лоран Нуньес мәлімдегендей, экс-президент республика басшысы болған мәртебесіне байланысты жеке қауіпсіздік құқығына ие.

«Ол қазір күзетте және оған қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан қосымша қорғау шаралары қарастырылды», – деді министр.

Нуньестің айтуынша, көрші камерада Саркозиді қорғауға жауапты екі полиция қызметкері тұрақты түрде кезекшілік етеді. Бұл шешім түрме әкімшілігімен келісілген.

Алайда түрме қызметкерлері кәсіподағы бұл шешімді сынға алды.

«Бұл – біздің өз жұмысымызды атқара алмай отырғанымыз секілді әсер қалдырады. 25 жылдық тәжірибемде мұндай жағдайды көрмеппін», – деді кәсіподақ өкілі Вильфрид Фонк RTL телеарнасына берген сұхбатында.

BFM TV арнасының хабарлауынша, Саркозидің қасында әлі де екі хатшысы жұмыс істейді: олар бұрынғы президенттің хаттарын сұрыптап, телефон қоңырауларына жауап береді.

Адвокатының айтуынша, Санте түрмесінде тұтқындар жеке камераларда ұсталады және серуен кезінде бөлек жүреді, яғни Саркози басқа сотталғандармен байланысқа шықпайды. Әдетте ас тарату міндетін сотталғандардың бірі орындайды, бірақ Саркози үшін ерекше жағдай жасалған – оның асын түрме қызметкері әкеледі.

Бұрынғы президенттің камерасы 9 шаршы метр, ал жағдайы қарапайым. 70 жастағы саясаткерге күніне бір сағат серуендеуге және аптасына үш рет келушілерді қабылдауға рұқсат берілген.

Адвокатының сөзінше, ол түрмеде спортпен айналысып, жаңа кітап жазуды жоспарлап отыр.

Еске салсақ, бұған дейін Николя Саркози Париждегі Санте түрмесіне жеткізіліп, онда 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді бастаған болатын.

Соңғы жаңалықтар