Францияның киберқылмыс туралы заңы технологиялық жетекшілерге, соның ішінде Павел Дуровқа бағытталған

АСТАНА. KAZINFORM – Франция билігі заңсыз қызметке ықпал ететін технологиялық компаниялардың басшыларына қарсы бағытталған жаңа заң қабылдау арқылы маңызды қадам жасады.

Павел Дуров
Фото: durov/ instagram

2023 жылдың қаңтарында күшіне енген бұл жаңашылдық Францияны киберқылмыспен күресте көшбасшы етпек. Заңға сәйкес, технологиялық компаниялардың басшылары өздерінің платформалары арқылы жасалған қылмыстар үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Олардың қатарында Telegram бас директоры Павел Дуров та бар.

Францияда Дуровқа қатысты ресми тергеу басталғаны белгілі. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылып, €500,000 айыппұл төлеуі мүмкін. Дуров Telegram Еуропалық Одақтың заңдарын сақтайтынын алға тартып, айыптаудан бас тартқан еді.

«Lopmi (Loi d 'Orientation et de Programmation du Ministère de l' Intérieur) 2023-22» деп аталатын заң бұрын-соңды болмаған, сәйкесінше сотта қарастырылған да жоқ. Осылайша, Франция технологиялық компаниялардың басшыларын жауапқа тартқан алғашқы ел болды.

GIP Digital Watch Observatory командасының айтуынша, Ішкі істер министрлігіне арналған Lopmi Заңы адами, заңды және бюджеттік ресурстарды арттыру арқылы болашақ қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін бес жылға €500 000 қаражатқа тең жоспар ұсынады.

Заң цифрлық трансформация арқылы жұмысты жаңғыртуға бағытталған. Бюджеттің жартысына жуығы қызметтерді цифрландыруға, тергеу құралдарын жаңғыртуға және киберқылмысқа қарсы іс-қимылды жақсартуға бөлінген.

Сондай-ақ, 8500 жаңа жұмыс орнын құру, қызметкерлерді жалдау кезінде әртүрлілікті жақсарту, 2030 жылға қарай полиция мен жандармерияның қатысуын екі есеге арттыру жоспарланып отыр.

Заң дағдарыстарды басқаруға, әсіресе, азаматтық қауіпсіздік пен климаттық оқиғаларға, сондай-ақ ірі халықаралық іс-шараларда қоғамдық тәртіпті нығайтуға баса назар аударады. Сонымен қатар, озық технологиялар мен ынтымақтастықты қолдана отырып, шекара қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.

Заңгерлер АҚШ-та немесе басқа Батыс елдерінде ұқсас заңдар жоқ екенін атап өтті.

«АҚШ заңнамасында мұның тікелей аналогы жоқ және мен Батыс әлемінде мұндай заңдарды білмеймін», - деді АҚШ Бас прокурорының көмекшісінің бұрынғы орынбасары Адам Хикки Reuters агенттігіне.

Қазір АҚШ-тың Mayer Brown заң фирмасында жұмыс істейтін Хикки америкалық прокурорлар технологиялық компанияның басшысын «пайдаланушылар жасаған қылмыстарға қатысушы немесе көмекші» деп айыптауы мүмкін екенін түсіндірді. Бірақ «оператор өз пайдаланушыларына қылмыстық әрекеттерді жасауға ниетті және олардың жасалуына ықпал етеді» деген дәлелдер болса ғана айыпқа ілікпек.

Ол 2015 жылы айыпталған Росс Ульбрихты мысалға келтірді. Оның Silk Road сайты есірткі сататын алаң болып шыққан-ды. АҚШ прокурорлары Ульбрихт «Silk Road-ты құқық қорғау органдарының қолы жетпейтін онлайн-қылмыстық нарық ретінде әдейі басқарды» деп мәлімдеді. Осылайша, Ульбрихт өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

АҚШ-та қылмыстарға белсенді атсалысқан Ульбрихт сияқты адамдардың ізіне түсіп жүрсе, француз Заңы платформа операторларын өз сайттарындағы заңсыз әрекеттері үшін, тіпті тікелей қатысуынсыз-ақ жауапқа тартуға бағытталған.

Лор Бекко бастаған Париж прокурорлары бұл заңды ұйымдасқан киберқылмыспен күресудің маңызды құралы ретінде бағалап отыр. Оның ішінде балаларды қанау және несиелік карталармен алаяқтық операциялар да бар. Жақында Дуровтың тұтқындалуы және Coco сияқты платформалардың жабылуы Францияның интернеттегі қылмысқа қатысты қатаң ұстанымын көрсетеді. Дуровтың ісімен айналысып жатқан J3 бөлімі басқа да ірі істерді, соның ішінде Coco форумы арқылы жасалған Доминик Пелликоның қылмыстарын да зерттеді.

Заңның әлеуетіне қарамастан, заңдық қиындықтар туындауы мүмкін. Дегенмен, бұл жаһандық киберқылмыспен күресте алға жасалған маңызды қадам екені анық.

Айта кетейік, бұған дейін Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Францияның құқық қорғау органдарымен байланыс орнатып, Telegram қолданушылары туралы жеке басына қатысты мәліметтерді анықтайтын ақпаратты бере бастағанын жазған едік.

Сондай-ақ Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Францияда ұсталуына қатысты алғаш рет түсініктеме берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар