Француз ғалымдары микропластиктің қаупіне алаңдаулы

АСТАНА. KAZINFORM — Микропластик улы заттарды сіңіріп, тамақ тізбегіне оңай енеді. Осыған байланысты Еуропалық Одақ қандай шаралар қабылдап жатыр? Бұл туралы Euronews жазды.  

Француз ғалымдары микропластиктің қаупіне алаңдаулы
Фото: Pixabay.com

Микропластиктің әсеріне ұшыраған теңіз жануарларының ағзасына химиялық заттар енуі мүмкін. Олардың көпшілігі эндокриндік жүйеге әсер ететін заттар болғандықтан, жануарлар денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді.

Александра есімді зерттеуші бұл әсердің адамдарға қатысты жағы әлі де толық зерттелмегенін түсіндіреді:

— Біз эндокриндік бұзғыштар бүкіл гормоналды жүйеге әсер ететінін білеміз. Олар ұрықтануға, бедеулікке, сондай-ақ қатерлі ісіктердің дамуына ықпал етуі мүмкін. Бірақ пластиктің бұл түрімен ластану туралы бізде әлі де көп сұрақтар бар, — дейді ол.

Ғылым микропластиктің экожүйелер мен адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екенін енді ғана түсіне бастады. Біз оны жейміз, тыныс аламыз, ішеміз, бірақ ол жайлы көп жайт бізге беймәлім күйінде қалып отыр. Ғалымдар атап өткендей, бізде микро- және нанопластиктің (көлемі мыңдық миллиметрдің үлесінен де аз болуы мүмкін) нақты мөлшерін өлшейтін немесе олардың ағзаға әсерін толық түсіндіретін құралдар жоқ.

Еуропалық комиссияның «Нөлдік ластану» атты іс-қимыл жоспары 2030 жылға қарай микропластиктің көлемін 30%-ға азайтуға бағытталған.

Жан-Франсуа Жильон, CNRS-тағы теңіз микробиологы әрі ғылыми жетекші ретінде, 2019 жылы Еуропаның тоғыз ірі өзенінде бұрын-соңды болмаған үлгі жинау науқанын басқарған. Ол барлық жерде алаңдатарлық деңгейде микропластик барын анықтаған.

— Еуропа бұл салада едәуір ілгеріледі. Бізде пластикпен ластану өте жоғары болды, әсіресе қаптама мен бір реттік пластикалық бұйымдардан. Еуроодақтың алғашқы мақсаты да осы болатын. Енді біз пластикке деген көзқарас өзгереді деп үміттенеміз, — дейді Жильон.

Осы уақытқа дейін пластик қалдық ретінде қарастырылып, күш-жігер негізінен қалдықтарды басқаруға бағытталған еді. Жильон ЕО пластик өндіруді күрт азайтуға және пластик құрамында қолдануға тыйым салынатын химиялық заттардың тізімін ұсынуға үлес қосады деп үміттенеді.

Еуропа микропластикті шектеу бойынша белгілі бір жетістіктерге жетті, алайда Жильон мен ғылыми қауымдастық бұдан да батыл әрекеттерді талап етеді. Әлемдік деңгейде глобалдық келісім жасасу бойынша келіссөздер жүріп жатқан тұста, Еуропа мен халықаралық қауымдастық таңдау алдында тұр: пластикпен ластануға қарсы күресті жалғастыру немесе мәселені бастау көзінде шешу.

Еске сала кетейік, бұған дейін БҰҰ 2060 жылға қарай пластик қалдықтарының көлемі үш есеге артуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қаққаннын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар