Фрэнсис Бэконның картинасы 40 миллион долларға бағаланды

Бұл картина 1977 жылдан бері жеке коллекцияда сақталған. Sotheby's өкілі, қазіргі заман өнері бөлімінің басшысы Тобиас Майер мұндай деңгейдегі Бэконның картиналары 2008 жылдан бері болмағанын мәлім етті. Сол кезде ағылшын экспрессионисінің «Триптих» картинасы рекордтық сомаға - 86,2 миллион долларға сатылған болатын. «Триптихты» Роман Абрамович сатып алыпты.
The Guardian, басылымының атап өтуінше, бұл картинадағы бейне суретшінің көңілдесі Джордж Дайерге ұқсайды, ол 1971 жылы өзіне қол салып, көз жұмған болатын. Бэкон оған бірнеше жұмыстарын арнаған еді. Ал кейіпкердің шашының түсі Бэкондікіндей қара шашты болып шыққан. Сөйтіп, картинада суретшінің де, оның сүйіктісінің де бейнесі көрініс тапқан.
Sotheby's аукционында Рой Лихтенштейннің «Ұйқыдағы қыз» полотносы да сатуға шығарылмақ, ол да 40 миллион долларға бағаланып отыр.