Фристайл могулдан ӘЧ: Денис Раструба мен Юлия Фиклистова күміс жүлдегер атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Алматы қаласында «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында өтіп жатқан фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір күміс жүлде түсті.
Нақтырақ айтсақ, аралас жұптық сында Қазақстан-2 командасы (Денис Раструба, Юлия Фиклистова) финалға дейін сүрінбей жетіп, 28 ұпай жинап, ел қоржынына күміс жүлде сыйлады. Аталған сында бас жүлдені АҚШ-2 құрамасы жеңіп алды. Ал, үздік үштікті тағы бір америкалық жұп қанжығасына байлады.
Еске сала кетейік, Денис пен Юлия өткен жылы Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бірге сынға түскен болатын.
Осылайша фристайл-могулдан Ұлттық құрама жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын 1 алтын, 2 күміс жүлдемен аяқтады.
Айта кетсек, кеше Анастасия Городко фристайл-могулдан үш дүркін әлем чемпионы атанды.