Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бапкері жанкүйерлерден кешірім сұрады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина өз спортшыларының Бейжің Олимпиадасынан кейінгі жоспарларын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Біз төрешілер бағасына еш пікір білдіре алмаймыз. Өйткені олардың бәрі тәжірибелі мамандар. Олар Олимпиада басталғанға дейін төрт жыл бұрын таңдалады. Анастасия Городко – Олимпиада ойындарының ең жас қатысушысы. Сондықтан бәрі алда. Ол енді Италиядағы жарыстарға дайындалады. Сонда ең жақсы нәтиже көрсететін болады. Жалпы құрамамыз дайын болды. Біз бұл Олимпиадаға дайындалдық. Бірақ түпкі нәтиже осындай... Әрине, біздің де көңіліміз түсті. Сондықтан жанкүйерлерімізден кешірім сұраймыз. Дегенмен, өмір осымен аяқталмайды», - деді бас бапкер Елена Круглыхина жанкүйерлерге.

Өз сөзінде спикер енді қорытынды жасап, шаралар қабылдау керектігін айтты.

«Бізге жазда дайындалу қиын болды, бұл карантиндік шараларға тікелей байланысты. Күзде сырғанауға болатын қар іздедік. Барлық спортшылар іс жүзінде жыл бойы қарда дайындалады. Қазақстан құрамасы бәрінен де аз жаттығады, бірақ соған қарамастан өте жақсы нәтиже көрсетуде. Оған рухымызбен, күшімізбен, бірлігімізбен жетеміз. Команда – нағыз мықтылар. Бүгін барлығына алғысымды айттым. Біз әрі қарай дами береміз, еш берілмейміз», - деді Е. Круглыхина

Айта кетейік, 6 ақпан күні қазақстандық жанкүйерлер Бейжің Олимпиадасынан медаль күткен болатын, өкінішке қарай үміт ақталмады.



Соңғы жаңалықтар