Функционалды-семантикалық өрістегі мезгіл мәнді тұрақты тіркестер

None
None
None

Абдуова Б.С., ф.ғ.к.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университтеті

Қазақ тіл біліміндегі функционалды-семантикалық өріске жататын темпоралды категорияны анықтау үшін етістіктің шақ көрсеткіштері негізгі өлшем бола алмайды. Темпоралдылық мәтіндегі тілдік элементтердің мезгілдік, уақыттық қатынастарын жинақтап, тұтас функционалды-семантикалық бірлік жасайды. Қазақ тілінде біртұтас функционалды-семантикалық өріс (ФСӨ) құрып, ауызекі тілде де, жазба тілде де белсенді қызмет атқаратын мезгіл лексемаларының аясы ауқымды болып келеді. Бұлар басқа сөз топтарымен бірге сөздік қорға қатысты болып, тілдік деңгейлер аясында көрініс табады. Тіл білімінде функционалдық бағыттың негізгі қағидаты тіл бірліктерінің құрылымдық қызметімен қатар жұмсалымдық мағыналық мазмұнын ескеру болып табылады. Тілдік деңгей бірліктерін қарым-қатынас, сөйлеу жағдаятымен тікелей байланыста қарауға мүмкіншілік береді. Темпоралдылық категориясы ФСӨ ретінде жан-жақты зерттелген емес. Әр түрлі тіл деңгейіне жататын, бірақ тек біркелкі қатынастарды, дұрысында, бірыңғай мағыналарды білдіретін тіл құралдарының жиынтығы өріс ретінде түсіндіріледі. «Өріс - мағына ортақтығының негізінде біріккен және білдіретін тілдік категориялардың ұғымдық, заттық немесе қызметтік ұқсастықтарын бейнелейтін тілдік (негізінен лексикалық) бірліктердің жиынтығы» [1, 381]. Өрістің қандай да бір өзіндік сипаттамасы бар жүйе немесе құрылым ретінде анықталатындығы орыс ғалымы А.В.Бондарко ұсынған «функционалды-семантикалық өріс» теориясына және категориялық жағдаятқа негізделеді [2]. Қазіргі ғылыми зерттеулерде осы ғалымның анықтамасы негізге алынады. ФСӨ дегеніміз - тілдегі грамматикалық тұлғалардың лексикалық, лексика-грамматикалық және сөзжасамдық құралдармен өзара әрекеттестігі нәтижесінде ұйымдасқан қатары мол семантикалық тұтастық. ФСӨ аясы ішкі мазмұннан және соны беретін тілдік құралдардың бірлігінен тұрады. Ішкі мазмұнға тірек болатындар - белгілі бір семантикалық категория, аспектуалдылық, модалділік, т.б. болса, тілдік құралдардың бірлігі - сол категорияларды беруге жұмсалатын лексикалық және грамматикалық құралдар.

ФСӨ негізгі белгілерінің бірі - ядросы (өзегі) немесе орталығы және перифериясы (шет аймағы) болады. Ядро мен периферияны бөлудің критерийі ретінде олардың қолданылуындағы жиілігі, көп мағыналылығы, семантикалық мағыналылығы, ақпараттылық, мәнділік сияқты белгілер алынады. Темпоралдылық ұғымының мазмұны құрылымдық (дәстүрлі) грамматикадан бастау алады. Темпоралдылықтың ФСӨ мезгіл мағыналы лексемалар мен мезгіл үстеулері, синтаксистік құрылымдар арқылы беріледі.

Мезгілдік (темпоралдық) функционалдық-семантикалық өрістің құрылымындағы негізгі өзек - етістіктің шақ категориясы, ал шағын өрісі өткен шақ, осы шақ, келер шақ болып саналады. Осы өрістің морфологиялық (грамматикалық) негізін, оның доминантын етістіктің шақ тұлғалары құрайды. Өріс негізінің айналасында оның жақын перифериялары (қосалқы мағына беретін көрсеткіштер аясы) қалыптасады. Бұл - синтаксистік деңгей, яғни сөйлемдегі грамматикалық шақ.

Келесі аймақ (концентр) - алысырақ перифериялардан құралады. Бұл аймақты лексикалық деңгей құрайды, мұнда тек сөздер (бүгін, жыл, қыста, енді, көктем, т.б) ғана емес, жаз бойы, жұмысқа дейін, жыл ішінде, келер күн сияқты есімді топтар да құрайды.

Ең соңғы перифериялық қабатын контекстуалдық құралдар құрайды. Олар көбіне перифразаланған сөз тіркестері, тұрақты сөз тіркестерімен жасалады. Мысалы, ел орынға отырғанда, толған айдың жарығымен деген тіркестер нақты мезгіл ұғымдарының орнында қолданылады. Мезгіл мағынасын құрайтын ФСӨ шақтармен, үстеулермен, мезгіл мәнді лексикалық зат есімдермен, мезгіл-валентті етістіктермен (ұзарту, жалғасу, созылу, жайылу, тарау, т.б.) жасалады. Қазақ тіліндегі мезгілдің (темпоралдықтың) функционалдық семантикалық өрісі өте кең. Біздің санамыздағы Уақыттың физикалық сипатының бейнеленуі осы категорияның мазмұндық аспектісін қалыптастырады

Іс-әрекеттің, амалдың, қимыл-қозғалыстың мезгілін анықтау жолдары қазақ тілінде әр түрлі болып келеді. Бірақ олардың кез-келгені халық тұрмысымен, оның өмір сүру тәсілдерімен қабысып жатады. Қазақ тілінде мезгілді білдірудің қалыптасқан тұрақты көрсеткіштері бар. Мезгілдік ұғымды білдіретін тұрақты тіркестердің өзін былайша топтастыруға болады:

1) Табиғат құбылыстарын, ауа райын білдіретін тұрақты тіркестер: қар кете, сең жүре, қарашаның суығында (1986 жылы Алматы қаласында болған қазақ жастарының желтоқсан оқиғасына байланысты тілімізде 86-ның ызғарында, желтоқсан желі, желтоқсан ызғарында деген тіркестер еніп, тұрақты қолданысқа кірді), жер қарада, қара суықта, сең сөгіле, мұз қата, т.б. Бұл тіркестердің көбі жыл сайын белгілі бір мерзімде қайталанып келіп отыратын құбылыстар болғандықтан, қимыл, әрекет мерзімін көрсетеді.

2) Шаруашылық, кәсіптің жыл сайын бір мезгілде қайталанып отыратын түрлерін білдіру арқылы қалыптасқан тұрақты тіркестер: қой қоздағанда, мал төлдегенде, егін науқанында, сабан тойда, мақта терімде, жиын-терім кезінде, т.б. Күнделікті шаруашылық кәсіпке байланысты да қалыптасқан тұрақты тіркестер мезгілді нақты көрсете алады: мал өргенде, қозы ағытарда, мал өрістен қайтқанда, бие байларда, мал қоралана, т.б. Тілімізде «қойшының қызы қой келгенде іс тігеді» дейтін мақалдың бірінші мағынасы жұмыстың ең бір қауырт кезінде өзге шаруаны қоя тұрып, негізгісін аяқтауға меңзесе, екінші мағынасы уақыттың (қойдың өрістен келуі - кешкі мезгілдің баламасы) әр сәтінің өзіндік атқарылуға тиісті жұмыстарының барлығында. Табиғатпен, мал шаруашылығымен етене байланысты халқымыз үшін мезгілді білдірудің осындай қалыптасқан үлгілері өте көп. Мұндай тәсіл көп халықтың тілінде де бар. Қандай халық болса да мезгілді өзінің күн көріс кәсібіне байланысты айқындап белгілеп отырған.

3) Уақытқа тән айырым белгі, қасиет, сын-сипат арқылы пайда болған тұрақты тіркестер: көз байланбай тұрғанда, таң сәріде, апақ-сапақта, сібірлеп таң атқанда, түс ауа, бесін ауғанда, ымырт жабылғанда, т.б.

4) Қимыл арқылы мезгілдік ұғымды білдіріп, сөйлемде мезгіл пысықтауыш болатын мынадай тұрақты тіркестер бар: көзді ашып-жұмғанша, қас пен көздің арасында, қас қаққанша, қалт еткенде, ет пісірім, шай қайнатым, бір бие сауым, т.б. Осы келтірілген тұрақты тіркестердің көбісінің мезгілдік мән алып, мезгілдік қатынаста жұмсалуын нақты мағыналы сөздің абстракцияға айналуы деп түсіну керек, яғни конкреттіліктен абстракцияға айналу процесі жүрген. Әуел баста қимылды, табиғат құбылыстарын, кезеңге тән сын, сипатты, көлем мен объектіні білдіретін тіркестер қолданылу процесінде өздерінің конкретті мағыналарынан ажырап, абстрактілі ұғым, мезгілді білдіруге көшкен. Бұндай қолданыстар мезгілді білдірудің халық тілінде бұрыннан қалыптасқан амал екендігіне дәлел бола алады.

Қазақ тіліндегі уақыт, мезгіл өлшемдерін білдіретін тұрақты тіркестерді саралап қарасақ, көп мәліметтер назарды аударады. Бұрындары ата-бабаларымыз уақытты сағатпен өлшемей-ақ, секунд, минут, сағат өлшемдерін шамалап, дәл болжай білген. Мысалы, секунд - демнің арасында, қас қаққанша, ауыз жиып алғанша, қас пен көздің арасында деген сияқты образды тіркестермен берілген. Көрнекті ғалым Ә.Қайдар фразеологизмдерге қатысты еңбегінде тұрақты тіркестердің мағыналық сипатын ажыратып, қолданыстағы ерекшеліктеріне тоқталады:

«Көзді ашып-жұмғанша» - мұнда оқиға, іс-әрекеттің жылдамдығы көздің жылдам ашып-жұмылғанымен сәйкестендірілген, бұл қимыл секундтың бір бөлшегіндей сәтке теңестірілген. Бастапқы мағынасындағы көздің ашып-жұмылуындағы тездік қимыл мағынасы кейіннен халық ұғымында уақыттық «тез», «шұғыл» «жылдам» сияқты түсініктерге ауысқан [3, 179] (орыс тілінен қазақшаға аударған -А.Б). Академик-ғалым ашып көрсеткендей, мезгіл мәнді тұрақты тіркестер уақыттың өтуі мен белгісіне қатысты бейнелі қолданысқа ие болып, тілдің поэтикалы сипаты мен экспрессивті қуатын әсерлей түседі. Сол секілді, әсірелеу мақсатымен де қолданылатын кейбір тұрақты тіркестер болған оқиға, амал, әрекеттің жылдамдығын танытуға ықпал етеді: Басы жастыққа тиісімен қор ете қалды, аяқ астында таппай қалу, хабар құлағына тиісімен, жылдам жиналу т.б. Шу дегеннен көрінер сұлу артық (Абай).

Болымсыздық жұрнағы арқылы жасалған тұрақты тіркестер де мезгілдік мағына беріп, іс-әрекет, оқиғаға баға беруші көзқарас қалыптастырады: кірмей жатып, төр менікі деу, бесіктен белі шықпай жатып қағыну, аузынан ана сүті кеппей жатып бұзылу, асатпай жатып, құлдық деу, т.б. Бұл фразеологизмдер де шартты түрде жылдам, тез болған, болатын әрекет, қимыл, оқиғалардың мезгілдік қатынасын танытады.

  • 5) Аспан денелерінің қозғалысын жіті бақылап, қадағалаудың арқасында ата-бабаларымыз тәулік, апта, ай, жыл мерзімдеріндегі уақыттық өлшемді дәл, нақты болжап білген. Әсіресе таңның ату көрінісіне байланысты қалыптасқан тіркестер сағаттың мөлшерін дұрыс білдіре алған: таң атпай, ел тұрмай, таң қараңғысында, таң білінер-білінбесте, таң сыз бергенде, бозторғай шырылдағанда, таңғы намазда, таң құлан иектенгенде, таң бозынан, елең-алаңда, т.б. Аталған тұрақты тіркестердің кейбірі нақтылы іс-әрекетпен байланысты мезгілді танытса, кейбірі бейнелі, образды сипаттағы сөздік қолданыстар негізінде қалыптасқан: құлан иектеніп атқанда, арайлап атқанда, асықпай атқанда, таңғы тәтті ұйқыда, т.б.
  • 6) Ал енді таң аппақ боп атқаннан кейінгі уақыт мерзімі күннің қимыл-қозғалысы арқылы өлшенеді: күн шығар алдында, күн шыға, күн арқан бойы көтерілгенде, күн найза бойы көтерілгенде, сәске түсте, тапа-тал түсте, шаңқай түсте, күн тас төбеге келгенде, түс ауа, түс еңкейе, күн ұясына бата, күн бата, т.б. Бұлардың бәрі таң атқаннан кеш батқанға дейінгі мерзімді білдірсе, келесі топ кешкіліктен түнге дейінгі уақыт арасын қамтиды: кеш түсе, ақшам жамырай, екі кештің арасында, ел орынға отыра, көз байлана, қас қарая, қызыл іңірде, жеті қараңғы түнде, ел шырт ұйқыда жатқанда, ел ұйқыға кеткенде, т.б. Келтірілген фразеологизмдердің дені физикалық уақыттың мезгілін дәл бермегенмен, жалпы тұрмыстағы уақыт ағымын жік-жікке бөліп, біршама дұрыс танытуымен де ерекшеленеді. Осылардың біразын академик Ә.Қайдардың пікірімен толығырақ түсіндіре кетейік: «Ел аяғы басылғанда» - кешкі 7-8 шамасындағы уақытқа байланысты қалыптасқан фразеологизм, ал одан да кешкірек ұғымды білдіретін 8-9-дар шамасын ел орынға отырғанда деп айтатын болған. Қазақтар уақытты, уақыт аралықтарын сағатты әлі пайдаланбаған кездерде де нақты белгілей алған» [3,113].

Тілімізде «түн баласына көз ілмеу» деген тұрақты тіркес бар. Бұл түн ұйқысын төрт бөлу фразеологизміне синоним бола алмайды. Түн ұйқысын төрт бөлу тіркесінде ұйықтау, алайда ол ұйқының тым мазасыз, шала-шарпы болуына, бір кедергілерге байланысты дұрыс ұйықтамауына меңзеу бар да, түн баласына көз ілмеу тіркесінде мүлдем ұйықтамау, ұйықтауға әлдебір бөгеттің барлығына тұспал бар. Бұл тіркес атар таңды көзбен атқару фразеологизміне синоним болады. Осындағы түн баласы - ерекше тілдік қолданыс. Өйткені, түн және бала - өзара шартты тіркесім, синкретті амал, яғни мағыналары алыс, бір-біріне тіркеспейтін сөздерді әсерлі ету мақсатымен тіркестіру - тілімізде кездестін тілдік әдіс.

Тіліміздегі мезгіл мағынасын білдіретін тұрақты тіркестермен қатар, авторлық қолданыстағы окказионал фразеологизмдердің, суреттеу тәсілімен берілетін көркемдік мезгілдердің шығарма тілін әрлендіру мақсатында жұмсалу мүмкіндігі өте көп. Мысалы: «Осы кезде: ай Алтайдың ар жағында бір жамбастап жүзген шақта, бергі бетте ұйықтаған қара мысықтай қорқынышпен қарауытқан дел-сал суық мезетте, үркер төбеден әлдеқашан ауып, енді көп ұзамай таң жұлдызы туар, сәресі ішер сәтте, ұйқы мен ояудың, өлі мен тірінің екі ортасында шөкелеп отырған Аманның қасына он жасар Бала келді» [4]. Алынған үзіндіде физикалық уақыттың өлшеміне ыңғайлас келетін үркер төбеден ауғанда, таң жұлдызы туарда, сәресі ішер сәтте дейтін халықтық тұрақты тіркестерге қоса, көркемдік мезгіл жасауға қызмет ететін авторлық ...айдың бір жамбастап жүзген шағы, ...қорқынышпен қарауытқан дел-сал мезеті және физикалық уақыттың да, көркемдік уақыттың да мерзіміне емес, адамның жан-дүниесіндегі, бітім-болмысындағы, қалып-тұлғасындағы белгілі бір мезгілдің белгісін білдіретін ұйқы мен ояудың, өлі мен тірінің екі ортасында дейтін тұрақты тіркестер, бәрі-бәрі ұжымдаса келе, екі кейіпкердің кездесу уақытын білдіруге «атсалысып тұр». Ортасы көмекші есімі негізінен көлемдік, кеңістік ұғымды берсе де, жатыс септігін қабылдап, мезгілдік қызметте жұмсала алады. Бұндай қолданыста олар іс-әрекеттің болып жатқан мезгіл-мерзімінің тұтас уақытын емес, белгілі кезеңін ғана қамтиды. Мұндай еселене келген мезгілдік көрсеткіштерді түрлі тілдік тәсілдермен жеткізу - шығарманың экспрессивтік-эмоционалдық бояуын қалыңдатып, мағыналық әсерін күшейтеді.

Тәуліктегі уақыт мерзімі жік-жікке бөлінгенде, жыл мезгілдері де маусымға, әр кезеңге жіктеліп отырған. Мысалы, көктем - қар еріп жатқанда, сең жүргенде, көктем шыға, ұзын сарыда, жуанның жіңішеріп, жіңішкенің үзілер кезінде, құралайдың желінде, жаз - ел жайлауға көшкенде, жер аяғы кеңігенде, жаз ортасында, қырық күн шілдеде, жаздың аптап ыстығында, күз - орақ кезінде, сабантойда, күзек алып жатқанда, күздің қара суығында, қыс - соғым сойып жатқанда, ақ қар, көк мұзда, ел қыстауға қонғанда, т.б. Аталған тұрақты тіркестердің бәрі де жыл мезгілдеріне қатысты қолданылып, айлар мен уақыттық циклдың баламасы ретінде қазірге де жалғасып келеді. Әсіресе, көркем әдебиетте, образды, бейнелі ой қажет етілетін шығармашылық жұмыста, бұхаралық-ақпарат құралдарының мәтіндерінде де жиі қолданылатын тілдік элемент ретінде бұндай мезгіл мәнді тіркестер өміршең болып қала бермек. Бұлардан басқа тағы бір топты адам жасына қатысты поэтикалы мазмұндағы мезгіл мәнді тіркестер құрайды. Оларға: балалық шағында, ес жиып, етек жапқанда, бір мүшелге толғанда, мектеп қабырғасында жүргенде, кәмелетке толғанда, оң мен солын танығанда, ат жалын тартып мінген шақта, орда бұзар жасында, қырықтың қырқасында, ердің жасында, самайын ақ шалғанда, алпыстың асқарында, сексеннің сеңгірінде деген сияқты метафоралы, айшықты тіркестер жатады. Бұлардың ішінде адамның өмір сүру кезеңіндегі түрліше сатылардың параллельді құбылыстардың белгісіне сүйене отырып, ауыспалы мағынада қолданылуы - көркем шығармаларда жиі пайдаланылатын тәсіл. Мысалы, сары ауыз шағында (балалығы тарқамаған кезде), жер ортасына келгенде (жігіт ағасы болған кез), базары тарқағанда (қарттықтың белгісі), зауал шағында, т.б. тіркестер перифразаланған тұрақты тіркестердің қатарына жатады. Перифраза дегеніміз - көркем сөз мәдениетiнiң күрделi дамуын, бейнелi тiркестiң поэтикалық табиғатын көрсететін тәсіл. Перифраза - қандай да бiр ұғымды өз денотатынан тыс, басқашалап, бiрнеше суреттермен сипаттау әдiсi, яғни қандай да болмасын, заттың, құбылыстың, мезгілдің, іс-әрекеттің бір белгісіне, қасиетіне қатысты суреттеліп, өз аты аталмай, оны басқаша етiп атап, суреттеп түсiндiру әдiсi. Мысалы, адам өмiрiн ұзақ көш деп атаса, мұнда адам өмiрiнiң көш сияқты жылжу, iлгерi басу, күннен күн, жылдан-жыл өткiзу тәрiздi белгiсiн көш сөзiмен көрсетiп, суреттеп, өзге сөздермен атап тұр. «Перифраз құбылысын тануда көзқарастар бiркелкi емес. Бiреулер белгiлi бiр ұғымды әдеттегi (тiлдегi қолданыстағы) бар атаудан өзгеше сөздермен (не сөзбен) аталғанның бәрiн перифраз деп таныса, ендi бiр зерттеушiлер мұнда екiншi атаудың (орысша «вторичная номинация») арнайы жасалу жолы (амалы) барын көрсетедi, ол амал бiр нәрсенi (затты, құбылысты, iс-әрекеттi, абстракт ұғымды), оның бiр белгiсiн көрсетiп, яғни астарлы айтқанда, сол белгiнi танытатын сөздi келтiрiп, суреттеп атауды жүзеге асырады» [5, 67] деп түсіндіреді белгілі ғалым Р.Сыздық. Біз перифразаланған тұрақты тіркестер деп келтіргенімізде белгілі бір ұғымның астарлы, суретті белгісіне байланысты алынған қолданысын назарда ұстадық.

7) Көптеген мезгіл мәнді тұрақты тіркестер заманның, айтулы кезеңдердің ерекше тарихи-әлеуметтік жағдайларына байланысты шыққандығымен ерекшеленеді. Тарихи кезеңдердің белгісін танытатын нәубет жылдары, ақтабан шұбырындыда, Абылайдың асында, ашаршылық жылдары, зобалаң тұста, қуғын-сүргін жылдары, алаш қозғалысы кезінде, ұлы төңкерісте, сталиндік қырғында, тоқырау жылдарында, қайта құру тұсында, «құрғақ заң» тұсында, тың игеру жылдары, тәуелсіздік алғанда, астана ауысқанда, т.б. тіркестер нақты жылдардың, белгілі кезеңдердің мезгілдік ұғымын білдіреді. Мысалы, 1932-37 жылғы қуғын-сүргін кездерінде қазақтың бетке ұстар талай зиялы азаматтары нәубет құрбандары боп кете барды. (Егемен Қазақстан. 2009, мамыр) Алынған үзіндідегі өткен шақтық мағына (кете барды) функционалды-семантикалық өрістегі негізгі өзек (ядро) болса, осы шақтық көрсеткіштің лексикалық бірліктерін танытатын қуғын-сүргін кездері тұрақты тіркесі шеткері аймақты (периферияны) танытып, сөйлемнің жалпы мезгілдік сипатын нақтылай түскен. Мезгіл мәнді тұрақты тіркестердің ойды тура және ауыспалы, бейнелі әрі суретті, әсерлі және көркем беретін мүмкіндігі шексіз. Тілімізде «қыз-қонақ», «қыз бала - жатжұрттық» деген метафоралар бар. Қыздарын әлпештеп, иба мен әдепке, сыпайылыққа баулитын халқымыз қызын оң жаққа, ұлын сол жағына отырғызатын болған. Осы ұлттық болмыстан шығатын тұрақты тіркес оң жақта отырған кезінде дейтін мезгілдік ұғымды беріп, перифразаланады. Тұрақты тіркестер сөйлемнің мезгілдік аясын кеңейтуде, тарылтуда, нақтылауда ерекше қызмет атқарады. Қимыл атаулының шындық өмірде жасалуы белгілі бір мезгілге қатысты болады. Мезгіл ұғымын білдіретін тұрақты тіркестер қимылдың жасалу мезгілін дәлме-дәл де, шамамен де, белгілі уақыт арасында да, әр түрлі мезгілді де білдіре алады. Тұрақты тіркестердің енді біразы конкретсіз мезгіл-мерзімді білдіріп, сөйлемнің тұтас мағынасына семантикалық нақтылықты шартты түрде ғана үстемелейді. Тіліміздегі мезгіл мәнді тұрақты тіркестер етістік шақтарын нақтылауда, оқиға, іс-қимыл, амалдардың өту сипатын танытуда, жалпы мәтіннің функционалды-семантикалық өрісіндегі уақыттық мағынаны ашуда атқаратын қызметі ерекше. Үш шақтың бірінде айтылатын етістіктің шақтық мағынасын дәлдеп, айқындай, толықтай түсетін сөздерге мезгіл үстеулері, тұрақты тіркестер жатады. Мезгіл мағыналы тұрақты тіркестер етістікпен қатар тұрып та, арасына сөз салып тұрып та байланыса береді. Белгілі ғалым Т.Қордабаевтың: «Шақтық көрсеткіштердің қай-қайсысы болса да, болып өткен немесе болашақ іс-әрекеттерді жалпы білдіргені болмаса, олардың болған я болатын мезгілін нақты білдіре алмайды. Ондай нақтылық - шақтық көрсеткіштердің емес, мезгіл үстеулерінің міндеті» [6, 57] дейтін тұжырымы қазіргі тіл біліміндегі темпоралдылық категориясының сөйлемдегі, мәтіндегі мезгілдік жүйесін аша түсетін үстеулердің ғана емес, мезгіл мағыналы фразеологизмдердің де қызметін дәл танытады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кузнецов А.М. Поле. // Линг. энцикл. словарь. М. 1990.

2. Бондарко А.В. Грамматические категории и контекст. -Л., Наука, 1971.

3. Кайдар А. Тысяча метких и образных выражений. Астана: Білге, 2003.

4. Бөкей О. Шығармалар жинағы. // Сайтан көпір. Алматы: Жазушы, 1985.

5. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. Алматы: Санат, 1995.

6. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. Алматы, 1953.

Соңғы жаңалықтар