ФУТБОЛ: 62 ойында 85 доп өткізген қақпашы «Оқжетпес» қақпасын қорғай ала ма?
"Оқжетпес" құрамы павлодарлық "Ертіс" клубының тәрбиеленушісі Антон Циринмен толығып отыр. Қазақстан чемпионатында 2004 жылдан бері ойын көрсетіп жүрген Антон Цирин 2006 жылдан бастап "Ертіс" командасының қақпашысы ретінде қосалқы құрамда болды. Кейін 2011 жылы Давид Лорияның жарақат алуына байланысты негізгі құрамға алынып, УЕФА Еуропа лигасы ойындарында "Ертіс" қақпасын қорғады. Ал 2012 жылы Оралдың "Акжайық", 2013 жылы "Жетісу" командасына жалға берілді.
2011 жылы Астанада Қазақстан және Сирия құрамалары арасында өткен кездесуде ұлттық құрама сапында алғашқы ойынын өткізген футболшы биылғы маусым аралығында "Ертіс" командасына қайта оралған болатын. Алайда негізгі құрамға Давид Лорияның қайтып оралуына байланысты команда басшылары Антон Циринді жалға беруді шешті. Осылайша 27 жасар қақпашы мансабын Көкшетаудың "Оқжетпес" командасының құрамында жалғастыратын болып отыр. Еске сала кетсек, Антон Цирин Қазақстан чемпионатында 62 ойын өткізіп, қақпасына 85 доп жіберіп алған болатын.