Футбол: «Ақтөбе» - «Ақжайық» кездесуінде сегіз гол соғылды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турында «Ақтөбе» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдап, 5:3 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ФИФА тәртіптік комитетінің шешімімен алты бірдей ұпайынан айырылған «Ақтөбе» клубы биылғы чемпионат барысында қиын жағдайда қалған болатын. Небәрі 4 ұпаймен көш соңында келе жатқан ақтөбеліктердің алға ұмтылатыны анық еді. Солай болды да. «Ақжайықтың» қақпашысы Евгений Боровик бірнеше рет сәтті ойнағанымен, ол көпке созылмады. 27-минутта Бағдад Қайыров қақпа кілтін тапса, 41-минутта Маркос Пиззелли, 45-минутта Рейналдо есепті 3:0-ге жеткізді.
Екінші таймда алаң иелерінің қарқыны бәсеңдеген жоқ. 56-минутта Рейналдо, 67-минутта Пиззелли мергендігімен танылды. Матч барысында сылбыр ойнаған қонақтардың тек содан кейін ғана есі кіргендей болды. 73-минутта украиналық қорғаушы Сергей Басов, екі минуттан кейін оның отандасы, шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола есепті қысқарта алды. 83-минутта сенегалдық шабуылшы Малик Мане «Ақжайық» сапындағы алғашқы голын соқты. Бұдан әріге меймандардың шамасы жетпеді.
Осылайша бір матчта сегіз гол соғылды. Бұл - биылғы чемпионаттағы қос қақпаға ең көп гол тоғытылған кездесу. Бұл, екінші жағынан, қос команданың, әсіресе, «Ақжайықтың» қорғаныс шебінің жиі сыр бергенін көрсетеді. Оның үстіне украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдық клуб биылғы маусымда өз қақпасына ең көп гол (18) өткізіп алған команда болып отыр. Осыдан бапкерлер де, ойыншылар да тиісті қорытынды шығаратын болар.
Айта кетейік, оныншы турда Атырауда жергілікті команданы 2:0 есебімен сүріндірген «Астана» 28 ұпай жинап, екінші орындағы қоржынында 23 ұпайы бар «Қайраттан» ұзай түсті. Елордалықтардан бір ойыны кем алматылықтар Қостанайда «Тобылдан» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл «Қайраттың» биылғы біріншіліктегі алғашқы жеңілісі еді. Қостанайлықтар 19 ұпаймен үшінші орында келеді. Дегенмен ертең Талдықорғанда «Жетісу» командасымен ойнайтын «Ордабасы» (Шымкент) оларды қуып жетуі мүмкін. Теміртауда Қарағандының «Шахтерін» негізгі уақытқа қосылған үшінші минутта Игорь Пикалкиннің өз қақпасына енгізіп алған голынан кейін ұтып кеткен Павлодардың «Ертісі» алтыншы орынға көтерілді. Бұған дейін үздік алтылықты түйіндеп келе жатқан оралдықтар сегізінші сатыға ығысты. Петропавлда «Қызылжармен» 0:0 есебімен тең тарқасқан Қызылорданың «Қайсары» жетінші орынға шықты.
19 мамыр күні чемпионаттың он бірінші турында «Ақжайық» - «Жетісу», «Астана» - «Ақтөбе», «Қайсар» - «Атырау», «Ертіс» - «Қызылжар», «Қайрат» - «Шахтер», «Ордабасы» - «Тобыл» кездесулері өтеді.