Футбол: «Ақжайық» өз алаңында қос бірдей ойыншысы алаңнан қуылған «Тобылды» ұта алмады

Ойынның бастапқы кезеңінде Батыс Қазақстан футболының түлегі, кезінде Қазақстан құрамасының капитандық тізгінін ұстаған Нұрбол Жұмасқалиев бастаған қостанайлықтардың басымдылығы көрініп тұрды. Пас берулері де дәл, футболшылары да ұшқыр қимылдайтын қонақтар алаң иелерінің қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Доп бірде қақпадан қиыс кетсе, екіншісінде Стас Покатилов қайтарып үлгеріп жатты. Осындай сәттердің бірінде қарымта шабуылға көшкен «Ақжайықтың» сұрмергені Игорь Зеньковичтің пасынан кейін чехиялық легионер Павел Черныдың қақпа бұрышын көздеген добын «тобылдық» Алмат Бекбаев та дарытпады. Дегенмен 31-минутта «Ақжайық» бірінші болып есеп ашты. Бауыржан Омаровтың оң қанаттан оңтайлы берген добын И.Зенькович баспен қостанайлықтардың қақпасында тулатты. Осыған іле-шала бір минут өтер-өтпесте дөрекі ойнаған қостанайлық Анатолий Богданов бірден алаңнан қуылды.
Екінші таймда есептің теңесуіне «Ақжайықтың» қорғаныс шебіндегі ойыншылардың қателігі себеп болды. Алдымен оң қанатта қорғаушылар доптан айрылып қалса, содан соң айып алаңына екпіндей кірген қонақтардың ойыншысын Якуб Хлебоун шалып құлатты. 11 метрлік айып добын тебуде №11 ойыншы Виталий Волков мүлт кеткен жоқ. Бірақ көп ұзамай «Тобылдың» тағы бір ойыншысы алаңнан қуылды. Қарсы шабуылда қақпаға жекедара ұмтылған И.Зеньковичті қолымен тартып құлатқан Ермек Қуантаев А.Богдановтың жолын қуды. Қалған уақыт «Ақжайықтың» толықтай басымдылығымен өтті. Қақпаға бағытталған допты бірде қақпашы, екіншісінде қорғаушылар қайтарып жатса, П.Черныдың добы жақтауға тиіп, сыртқа кетті.
Сөйтіп «Ақжайық» екі бірдей ойыншысы артық болса да, «Тобылды» ұта алмады. Бұл қостанайлықтар үшін жеңіске бергісіз тең ойын деуге болады. Бірінші айналымда Қостанайда өткен кездесу де 1:1 есебімен аяқталған еді.
Енді біріншілікте он бес күндей үзіліс болмақ. Осы кезең біраз мәселені шешеді. Қаржы тапшылығынан, ойыншылары мен бапкерлер алдындағы қарызынан құтылса ғана «Ақжайық» премьер-лигада қалады. Футбол клубының баспасөз қызметінен жеткен мәліметке қарағанда, биылғы маусымда тоғыз доп соққан И.Зеньковичтің өзге командаға кетуі әбден мүмкін. Сол секілді «Ақжайықтың» бас бапкері Погос Галстян да командадан кететінін мәлімдеп үлгерді. Әрине, айлап жалақы алмаған оларға өкпе жоқ.
«Ақжайық» келесі ойынын 14 маусым күні Павлодарда «Ертіспен» өткізеді. Бірінші айналымда батысқазақстандықтар Оралда павлодарлықтарға 1:2 есебімен есе жіберген болатын. Бұл - биылғы маусымдағы «Ақжайықтың» өз алаңындағы әзірге жалғыз ғана жеңілісі.