Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Тобылмен» күш сынасады

Бір қызығы, бұл екі команданың жеңіс, жеңілістері, тең түскені, тіпті соққан, өз қақпасына жіберіп алған доптарына дейін бірдей. Бірақ 16 ұпаймен «Тобыл» турнир кестесінде 5-інші орында тұр да, таласты шешу жөніндегі палатаның шешімімен алты ұпайынан айрылған «Ақжайық» 11-орыннан жоғары көтеріле алмай келеді. Батысқазақстандықтардың бас бапкері Погос Галстянның пікірінше, ойыншылардың төккен тері мен еңбегінің, шеберлігінің нәтижесінде келген ұпайдан бұлайша айырудың жөні жоқ. «Ақжайық» клубының басшылары мен жанкүйерлері команда қаржы тапшылығынан құтылған жағдайда Қазақстан футбол федерациясы алты ұпайды қайтарып береді деген үміттерін әлі үзбей отыр.
Соңғы кезде жағдайын біраз түзеп алған «Тобылдың» капитандық тізгінін Орал қаласында туып-өскен, кезінде Қазақстан құрамасында осындай рөлді абыроймен атқарған Нұрбол Жұмасқалиев ұстап келеді. Дегенмен Оралдағы ойынға өткен турда биылғы маусымдағы төртінші ескертуін алған сербиялық жартылай қорғаушы Огнен Красич қатыспайды.
Қос команданың қосалқы құрамдарының кездесуінде кеше қостанайлықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.