Футбол: «Ақжайық» пен «Қайрат» тең тарқасты

Өткен жылғы біріншілікте украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын оралдықтар өз алаңында «Қайратты» 1:0 есебімен сүріндіріп кеткен еді.
Биыл чемпионатта «Ақжайық» Қостанайда «Тобылға», содан кейін Шымкентте «Ордабасыға» есе жіберіп, бірде-бір гол соқпаған еді. Ал «Тұранмен» Оралда өтуі тиіс ойыны ауа райына байланысты кейінге қалды.
Бүгінгі матчта Қостанайда жарақат алып қалған шабуылшы Оралхан Өміртаев қайта оралса, украиналық жартылай қорғаушы Максим Каленчук «Ақжайыққа» тыңнан қосылды. Қақпаға ресейлік Степан Сикач тұрса, қорғаушы Ардақ Сәулет те бірден алаңға шықты.
«Қайраттың» бас бапкері Құрбан Бердыев бұл жолы жастарға көбірек сенім артып, команданың сұрмергені Хосе Канте қосалқы құрамда қалды.
Бірінші таймда алматылықтар сапындағы бразилиялық Жоао Пауло 19-минутта орындаған айып добы қақпа жақтауынан кері қайтты.
Ойынның екінші кезеңінде «Қайрат» бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Бәсеке соңына таман «Ақжайық» қорғаушысы Виталий Приндета екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды.
Осылайша «Қайрат» пен «Ақжайық» тең тарқасты – 0:0.
Алматылықтар 8 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға көтерілсе, оралдықтар чемпионаттағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Келесі турда 9 сәуірде «Қайрат» Алматыда турнир кестесінде көш басына көтерілген Ақтаудың «Каспийін» қабылдаса, «Ақжайық» Атырауда жергілікті клубпен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионы «Тобылдың» «Ақжайықтан» басым түскенін жазған болатынбыз.