Футбол: «Ақжайық» Сербияның суперлигасында ойнайтын «Спартакты» ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда Оралдың «Ақжайығы» Сербияның суперлигасында ойнайтын «Спартак» (Суботица) командасымен жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, оқу-жаттығу жиынында оралдық команда бес ойын жоспарласа, бұл соның алғашқысы еді.

Матчты «Ақжайық» қарқынды бастап, алдымен гол соқты. Содан кейін ғана жинақы ойнаған «Спартак» есепті теңестіре алды. Кейін эмоцияға ерік берген «Ақжайық» футболшысы алаңнан қуылып, он ойыншымен қалса да, оралдықтар 2:1 есебімен алға шықты. Екінші таймда қорғанысты нық ұстап, өз мүмкіндігін шебер пайдаланған батысқазақстандық клуб жеңіске жетті - 3:1.

Үш голды да қаралымға келген футболшылар енгізді.

«Ақжайық» футбол клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, команда құрамы қазір жасақталу үстінде.

«Біз команданы өткен жаздан бері жаттықтырып келе жатқан украиналық маман Сергей Зайцевке жаңа маусымда да сенім артуды ұйғардық. Бірінші лигада екі клубты ғана шетелдік маман баптаса, соның бірі бізде. Ең бастысы, бапкер білікті болып, алға қойған мақсат - премьер-лигаға қайта оралу міндетін орындай білуі керек», деді ҚазАқпарат тілшісіне А.Шайхы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» бапкерінің шағын сұхбатын жариялаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар