Футбол: «Ақжайық» сырт алаңда «Атырауды» ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші туры Атырауда жергілікті команда мен «Ақжайықтың» ойынымен басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қоржынында 7 ұпайы бар, қазақстандық маман Константин Горовенко жаттықтыратын атыраулықтар турнир кестесінде бесінші орында тұрса, оралдықтар (бас бапкері – украиналық Владимир Мазяр) небәрі бір ұпаймен 12-сатыда еді.

Осыған дейін қос команда өзара 24 матч өткізсе, соның 11-інде «Атырау», 9-ында «Ақжайық» жеңіске жетіп, 4 бәсеке тең аяқталған.

Бұл жолы батыс дербиінде бірінші таймда алаң иелері ресейлік Степан Сикач қорғаған қонақтар қақпасына жиі қауіп төндірді. Дегенмен 37-минутта қарымта шабуылдан кейін оралдық Иван Антиповтан пас алған кезінде Қазақстан ұлттық құрамасында доп тепкен шабуылшы Оралхан Өміртаев есеп ашты. Бұл Оралханның «Ақжайық» сапындағы алғашқы голы еді. Оның үстіне оралдықтар бұған дейінгі үш ойында гол соқпаған еді.

Екінші таймда командалар футболшылар алмастырып, ойын барысын өзгертуге тырысқанымен, есеп сақталды. 1:0 – «Ақжайықтың» пайдасында.

Осылайша оралдықтар биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесінде 11-орынға көтерілді.

Келесі турда 15 сәуір күні «Атырау» Ақтауға, «Каспийге» қонаққа барса, «Ақжайық» өз алаңында «Астананы» қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» пен «Қайраттың» тең тарқасқанын жазған болатынбыз.

Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ


Соңғы жаңалықтар