ФУТБОЛ: Ақжол Серікжановтың жолы «Ақжайықта» ашыла ма?
«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен түскен мәліметке қарағанда, Сергей Волгин жаттықтыратын батысқазақстандықтар жергілікті «Ченкириспор» командасымен қос кездесу өткізді. Бірінші ойын 3:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Мұнда «Ақжайықтан» Ізім Сәрсекенов пен Ақжол Серікжанов доп соқты. Екінші матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұл жолы да А.Серікжанов мергендігімен көзге түсті.
Айта кетейік, бұрын «Жетісуда» доп тепкен Ақжолға қоса Антон Шурыгин, Азамат Әубәкіров, Коне Драмане, Маруско Матич, Нұрболат Қалменов, Аслан Оразаев, Милан Яблан сынды ойыншылар сыннан өтуде. Бұлардың қайсысы «Ақжайыққа» алынатыны оқу-жаттығу жиындарынан кейін белгілі болады. Кейбір дерек бойынша Қарағандының «Шахтерінде» бағын сынап көрмекші болған команданың белді ойыншыларының бірі Руслан Хайыров қайтып оралған.