Футбол: «Астана» мен «Виктория Пльзень» кездесуінде франциялық төрешілер қызмет атқарады
Футболдан УЕФА Конференция лигасы алтыншы турындағы қазақстандық «Астана» командасының сырт алаңдағы «Виктория Пльзень» (Чехия) клубымен кездесуінде франциялық төрешілер бригадасы қызмет атқарады, деп хабарлайды Kazinform.

Бас төреші - Вилли Делажо. Оған отандастары Эрван Финжан мен Филипп Жанн көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші де франциялық Томас Леонард.
Кездесу 14 желтоқсаннан 15-не қараған түні елорда уақытымен 02:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
«Астана» командасы C тобында ойын көрсетеді. Бесінші турдан кейін «Виктория Пльзень» (Чехия) - 15, «Динамо Загреб» (Хорватия) - 6 ұпай жинаса, «Балкани» (Косово) мен «Астанада» - 4 ұпайдан бар.
Қазірге дейін астаналық клуб екі мәрте «Динамо Загребке» 1:5, 0:2, өз алаңында «Виктория Пльзеньге» 1:2 есебімен жеңілді. Сондай-ақ, «Балканиді» сырт алаңда 2:1 есебімен тізе бүктірсе, өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнады.