Футбол: «Атырау» мен «Ақтөбе» Қазақстан кубогы финалына шықты

спорт
Фото: Ақтөбе футбол клубының Telegram парақшасы

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы финалына шыққан екі команда анықталды. Мұндай мүмкіндікке «Атырау» мен «Ақтөбе» клубтары ие болды.

Алғашқы жартылай финалда «Атырау» мен «Тобыл» кездесті.

Бірінші ойында қостанайлық клуб өз алаңында 2:0 есебімен басым түскен еді.

Бүгінгі ойын барысында атыраулық команданың басымдығы байқалды. Олардың қатарынан Николай Сигневич 18, 33-минутта қақпаны дәл көздесе, Якоб Новак 41, Ринат Жұматов 98-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Атырау» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Жартылай финалдағы тағы бір кездесуде «Елімай» өз алаңында «Ақтөбені» 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Кездесуде семейлік клубтан Роман Муртазаев 51, Дмитрий Шомко 59-минутта гол соқса, Максим Самородов 36-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Алғашқы ойында «Ақтөбе» 2:0 есебімен жеңген еді.

Екі кездесудің нәтижесімен олар финалға жолдама алды.

Финал 29 қыркүйекке белгіленген.

Бүгінге дейін «Қайрат» 9 мәрте кубокты төбесіне көтерді.

Ал, «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» — 3, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) — 2, «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Ақтөбе», «Алматы», «Тобыл» (Қостанай), «Достық» (Алматы), «Елімай» (Семей) — 1 мәртеден кубок иегері атанды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram