Футбол: «Атырау» командасына жаңа бас бапкер келді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Атырау» командасына жаңа бас бапкер келді. Енді аталмыш қызметті беларусьтік Олег Дулуб атқаратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Олег Дулуб 1965 жылы дүниеге келген. 1983-2001 жылдар аралығында футбол ойнап, Беларусь, Польша, Ресей, Чехия, Латвия, Қытай, Финляндия елдерінің біріншілігінде доп тепті. 2001 жылдан бері бапкерлікпен айналысады. Бүгінгі күнге дейін Беларусьтің «Минск», «Гомель», «Динамо», «Крумкачы», БАТЭ, украиналық «Карпаты» және «Черноморец» командаларына жетекшілік жасады. 2012-2014 жылдарда өзі бапкерлік жасаған командалармен Еуропа лигасы ойындарына қатысты. Соңғы атқарған қызметі - Беларусьтің 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы.
Естеріңізге сала кетелік, 27 сәуір күні «Атырау» командасының бас бапкері қызметін атқарған ресейлік маман Виктор Кумыков орнын босатты.
Аталмыш команда қазір 10 ойыннан кейін небәрі бес ұпай жинап, турнир кестесінде 11-орында келеді.