Футбол: бірінші лигада көш басындағы команда өзгерді

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бірінші лига командалары арасында футболдан ел чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» кеше өз алаңында Шымкенттің «Қыранын» қабылдады.
None
None

Кездесу барынша тартысты болғанымен, есеп ашылмай, тең аяқталды. Бұл осыған дейін көш бастап келе жатқан «Қыран» үшін де, премьер-лигаға берілер жолдамадан үмітін үзбеген «Ақжайық» үшін де қолайлы болған жоқ. Мұны басқа командалар сәтті пайдалана білді. Өз алаңында «Екібастұзды» 5:2 есебімен ойсырата ұтқан Көкшенің «Оқжетпесі» 40 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. «Қыран» 39 ұпаймен екінші сатыда қалса, сырт алаңда «Қызылжарды» 2:1 есебімен тізе бүктірген Ақтаудың «Каспийінің» одан бір ғана ұпайы кем. «Ақжайық» 29 ұпаймен жетінші орында ғана келеді. Оның үстіне омыртқасында кінәраты бар шабуылшы Николай Забродин қатардан шығып қалды. Қорғаушы Мейрам Сапанов пен Ақтөбеден келген шабуылшы Сергей Лисенков та жарақатына байланысты әзірге командаға көмектесе алмайды.

Оралдықтар келесі кездесуін 30 тамыз күні көш соңындағы «Мақтааралмен» сырт алаңда өткізеді.

Соңғы жаңалықтар