Футбол: Бүгін «Ақжайық» өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды

Бұл кездесудің қос команда үшін де маңызы зор. Биыл екі турдан кейін алты ұпаймен ақтөбеліктер премьер-лигада көш бастап келе жатса, одан екі ұпайы кем «Ақжайық» үшінші орында тұр. Оның үстіне ақтөбеліктердің оралдықтарға тісін қайрайтындай жөні бар. Өткен жылғы маусымда олар Оралда 0:1 есебімен тізе бүксе, өз алаңында 3:4 есебімен және ұтылған еді. Сөйтіп чемпиондық атақ үшін аса қажетті ұпайларынан айрылған.
Биыл армян бапкері Погос Галстян жаттықтыратын «Ақжайықтың» да өз алаңында намысты қолдан бермесі анық. Команданың сұрмергені Игорь Зеньковичтің жарақаты болмаса, басқалары ойынға тастүйін дайын.
29 наурыз күні қос команданың қосалқы құрамдары жасыл алаңға шықты. Алма-кезек шабуылмен өткен ойынның 92-минутында бойы қысқа болғанымен, қимылы шапшаң «Ақжайықтың» жартылай қорғаушысы Бекзат Қабылан Шапағат Бақытжанұлының берген пасын сәтті пайдаланып, жеңіс добын соғып кетті.