Футбол: «Челси» суперкубок иегері атанды

Аталған кездесу Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласындағы Уиндзор Парк стадионында өтті.
Биыл Англияның «Челси» клубы Чемпиондар лигасында топ жарса, «Вильярреал» Еуропа лигасында кубокты төбесіне көтерді.
Бүгінгі кездесу барысында ағылшындық клуб өздерінің басымдығын байқатты. Ойын басынан тізгінді қолға алуға тырысты. Нәтижесінде 27-минутта Хаким Зиеш мергендік танытып, «Челсиді» алға шығарды.
Ойынның 73-минутында «Вильярреал» ойыншысы Жерар Морено таразы басын теңестірді. Осылайша кездесу қосымша кезеңге ұласып, онда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде «Челсидің» жолы болып, суперкубок иегері атанды.
Айта кетсек, бүгінгі күнге дейін аталған турнирде Испанияның «Барселона» және Италияның «Милан» командалары бес-бес мәртеден жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Испанияның «Реал Мадрид», «Атлетико Мадрид», Англияның «Ливерпуль», Голландияның «Аякс» командалары үш-үштен, Бельгияның «Андерлехт», Испанияның «Валенсия» және Италияның «Ювентус» командалары екі-екіден жеңімпаз тұғырынан көрінген еді. Ал 15 команда бір-бір мәртеден суперкубокты төбесіне көтерді.
Мұндай мәртебеге соңғы рет «Челси» 1998 жылы қол жеткізген болатын.
Фото: championat.com