Футбол: «Қайрат» 9-мәрте Қазақстан кубогының иегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Елордадағы «Астана-Арена» стадионында футболдан 2018 жылғы Қазақстан кубогының финалы өтті. Финалда Алматының «Қайраты» мен «Атырау» командалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алматының «Қайраты» - Қазақстан кубогына ең көп мәрте қол жеткізген команданың бірі. Оңтүстік астанадан келген футболшылар бүгінгі күнге дейін сегіз мәрте кубокты жеңіп алды.

«Қайрат» 1992 жылы елімізде аталмыш бәсекенің тұңғыш жеңімпазы атанған. Одан кейін 1996, 2000, 2001, 2003, 2014, 2015, 2017 жылдарда кубокқа қол жеткізген.

Айта кетерлігі, былтыр Қазақстан кубогы финалында қос команда өзара шеберлік байқасқан еді. Ол жолы «Қайрат» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Команда тарихында Қазақстан кубогын 2009 жылы ғана иеленген «Атырау» сол кеткен есені осы жолы қайтара ма деген үміт болды.  

«Қайрат» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Андрей Карпович алғашқы минуттан Покатилов, Ахметов, Сүйімбаев, Әліп, Жуков, Исламхан, Әбікен, Соколенко, Парагульгов, Сәрсенов, Кейлерді қосты. Ал Виктор Кумыков оларға қарсы «Атырау» сапында Логиновский, Абдрахманов, Обшивач, Аблитаров, Кубик, Қалмұратов, Нейн, Сергиенко, Хайруллин, Бабатунде, Сикимичті шығарды.

Ойын басталар сәттен «Қайрат» қарсыластар қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырды. Сол сәттердің бірінде «Атырау» ойыншылары өз айып алаңында ереже бұзды. Төреші олардың қақпасына пенальти белгіледі. Оны Бауыржан Исламхан орындады. Дегенмен ол «Атырау» қақпашысы Владимир Логиновскийден айласын асыра алған жоқ. Дегенмен алматылық футболшылар арада небәрі 10 минут өткенде қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Оны Александр Соколенко соқты. Бұдан кейін «Атырау» таразы басын теңестіруге ұмтылған. Алматылық ұжым оған мүмкіндік берген жоқ.

Екінші кезеңнің соңына таман «Атырау» ойын қарқынын күшейте түсті.  Дегенмен гол соғатын бірқатар мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алды. Оған «Қайрат» ойыншылары да қарсы шабуыл ұйымдастырды. Кездесу 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша «Қайрат» тоғызыншы мәрте Қазақстан кубогының иегері атанды.

Айта кетерлігі, бүгінгі кездесу нәтижесінде келер жылы еурокубок ойындарында ел намысын қорғайтын төртінші команда белгілі болды. Ел біріншілігінде төртінші орынға тұрақтаған Шымкенттің «Ордабасы» Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерінде бақ сынайтын болды.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Ертіс» Премьер-лигадағы орнын сақтап қалғанын хабарлаған едік.

 Сондай-ақ, биыл бірінші лигадан Премьер-лигаға Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Тараздың «Тараз» командалары жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар