Футбол: Қазақстан Андоррамен 10 жылдан кейін қайта кездеспек

6 қыркүйекте УЕФА жаңа турнирдің шымылдығын түрді. Ұлттар лигасы турнирінде қазірге дейін бірінші тур ойындары өтіп үлгерді. Аталмыш доп додасын Қазақстан мен Грузия құрамалары бастағанын жанкүйерлер жақсы біледі. Елорда төріндегі «Астана-арена» стадионында өткен тартысты бәсекеде Қап тауынан келген құрама жеңіске жетті. Олар біздің қақпаға жауапсыз екі доп соқты.
Енді біздің спортшылар Андорра құрамасымен шеберлік байқасады. Шағын елдің футболшылары бізге қандай қауқар көрсете алады? Оларға біздің шамамыз келе ме? Андорра 6 қыркүйекте Латвия құрамасымен сырт алаңда кездесті. Бұл ойында 0:0 есебі тіркеліп, жеңімпаз анықталған жоқ. УЕФА талабы мен ережесі негізінде А лигасынан өзге лигалардағы топтар жеңімпаздары бір сатыға жоғарылайды. Яғни, келесі сайыста бір лига жоғары ойын көрсетеді
Аталмыш ойыннан кейін турнир кестесінде Грузия үш ұпаймен көш бастап тұр. Тең ойнаған Андорра мен Латвия екінші-үшінші орындарға жайғасса, Қазақстан әзірге төртінші орында келеді. Біздің құрама алдына өз тобында жеңімпаз атану міндеті қойылған.
Андорра құрамасы Еуропа құрлығындағы әлсіздер қатарында саналады. Бүгінге дейін толағай табыстарға қол жеткізбеген. Алғаш рет 2000 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу ойындарында бақ сынады. Ол жолы бірде-бір мәрте жеңіске жете алған жоқ. Ал 2002 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде 2000 жылы алғашқы ойынын өткізді. Онда да қоржын түбі бос болды. Жалпы, андорралық құрама әлем біріншілігі іріктеу кезеңінде бүгінге дейін 52 ойынға шықты. Сол кездесулерде небәрі 2 мәрте жеңіске жетсе, 3-де түсіп, қалғанында қарсыласына есе жіберді. 2004 жылдың 13 қазанында өз алаңында Македонияны 1:0 есебімен жеңді. Бұл 2006 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңіндегі кезекті ойыны болатын. 2017 жылдың 9 маусымында әлем біріншілігі іріктеу кезеңінде өз алаңында Венгрияны 1:0 есебімен жеңіп, жанкүйерлерді таңғалдырған еді. Сондай-ақ, бүгінге дейін сол Македония, Финляндия және Фарер аралдарымен 0:0 есебімен етң ойнаған еді. Ал Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде олардың еншісінде бірде-бір жеңіс немесе тең ойын жоқ екен. Бұл доп додасында олар барлығы 50 кездесу өткізген.
Қазақстан мен Андорра құрамалары 2010 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде алтыншы топта жолдары түйісті. Қуанарлығы, екі кездесуде де біздің құраманың қанжығасы майланды. 2008 жылдың 20 тамызында Алматының орталық стадионында Қазақстан футболшылары оларды 3:0 есебімен тізе бүктірсе, 2009 жылдың 9 қыркүйегінде 3:1 есебімен тағы да басым түсті.
Аталмыш елде футболшылар саны аз. Бар болғанның өзінде олардың арасында кәсіби деңгейде ойнайтыны санаулы. ФИФА-ның соңғы рейтингінде Андорра құрамасы 130-орында тұр. Ал біздің Қазақстан құрамасы 116-орынға жайғасқан.
Андорра мен Қазақстан құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен 00.45-те басталады. Кездесу «Qazsport» тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталмыш топтағы екінші тур ойындары кеше, 9 қыркүйекте Грузия мен Латвия құрамалары арасында өтті. Бұл кездесуде Грузия жеңіске жетті.