Футбол: Қазақстан чемпионатында күтпеген нәтижелер тіркелді

Турнир кестесінде үздік үштікті түйіндеп тұрған Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында көш соңындағы командалардың бірі Петропавлдың «Қызылжар» командасын қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Бірінші тайм соңында Братислав Пуношевац соққан гол «Қызылжарға» жеңіс сыйлады. Осыған дейінгі төрт тур бойы қостанайлықтар қарсыластарын 1:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Бұл жолы дәл сондай есеппен ұтылды.
«Тобыл» 25 ұпаймен үшінші орында қалды. 19 ұпаймен төртінші орында келе жатқан Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында «Атырауды» ұтқанда, қостанайлықтарға жақындай түсетін еді. Олар да күтпеген жерден атыраулықтарға 0:2 есебімен (гол соққандар Игорь Зенькович пен Бабатунде Аденидже) есе жіберді.
Астаналықтар Қызылордада жергілікті «Қайсарды» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, 37 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келеді. Бұл ойында Патрик Твумаси мергендігімен көзге түсіп, биылғы чемпионаттағы сегізінші голын соқты. Сөйтіп ол ескертуінің көптігінен осы турға қатыспаған «Ақжайықтың» сұрмергені, украиналық Адеринсола Хабиб Эсеоланы қуып жетті. Елордалықтардан Серікжан Мужиков екінші голдың авторы атанды.
Ең тартысты ойын Алматыда өтті. «Ақтөбені» қабылдаған «Қайрат» Бауыржан Исламханның дәл соққысы арқасында 3-минутта есеп ашқанымен, Маркос Пизеллидің қос добы қонақтарды алға шығарды. Тек 77-минутта Иво Иличевич пен 89-минутта Уго Сильвейраның соққан голдары алматылықтарға жеңіс әперіп, тағы бір күтпеген нәтиженің тіркелуіне мүмкіндік бермеді. 32 ұпайы бар «Қайрат» «Астанадан» бес ұпайға қалып келеді, бірақ олардың екі ойыны кем.
Павлодарда жергілікті «Ертіс» 2:0 есебімен (гол авторлары - Милош Стаменкович пен Фуад Салами) «Ақжайықтың» меселін қайырып, 17 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Дәл сондай ұпайы бар оралдықтар алтыншы сатыға сырғыды.
Талдықорғанда Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен (мергендік танытқан Эдгар Малакян) «Жетісу» 14 ұпаймен жетінші орынға шықты.
Енді Қазақстан ұлттық құрамасының өнер көрсетуіне байланысты біріншілікте екі аптадай үзіліс болады. 17 маусым күнгі ХIV турда «Қайсар» - «Жетісу», «Астана» - «Ертіс», «Ақжайық» - «Қайрат», «Ақтөбе» - «Ордабасы», «Атырау» - «Тобыл», «Қызылжар» - «Шахтер» ойындары өтеді.