Футбол: Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Ұлттар лигасы 2020/2021 жылдардағы кезеңінің жеребесі тартылды. Биыл С дивизионында сынға түсетін Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары анықталды

Қазақстандық футболшылар төртінші топқа түсті. Қарсыластары - Литва, Беларусь және Албания құрамалары.

С дивизионында бірінші топта Әзербайжан, Люксембург, Кипр, Черногория, екіншісінде Армения, Эстония, Македония, Грузия, үшіншісінде Молдова, Словения, Косово, Грекия құрамалары сынға түседі.

Ал А дивизионында бірінші топта Польша, Босния, Италия, Голландия, екіншісінде Исландия, Дания, Бельгия, Англия, үшіншісінде Хорватия, Швеция, Франция, Португалия, төртіншісінде Германия, Украина, Испания, Швейцария құрамалары өзара шеберлік байқасады. Аталмыш дивизионда әрбір топтың жеңімпазы финалдық сатысында бақ сынайды. Олардың арасынан чемпион анықталады.

В дивизионында бірінші топта Солтүстік Ирландия, Румыния, Норвегия, Австрия, екіншісінде Словакия, Израиль, Шотландия, Чехия, үшіншісінде Түркия, Венгрия, Сербия, Ресей, төртіншісінде Болгария, Ирландия, Финляндия, Уэльс құрамалары кездеседі.

Сондай-ақ, Д дивизионында бірінші топта Фарер аралдары, Латвия, Андорра, Мальта, екіншісінде Гибралтар, Лихтенштейн, Сан-Марино құрамалары ойнайды.

Барлық ойын 2020 жылдың күз мезгілінде өтеді. Брінші тур 3-5 қыркүйек, екіншісі 6-8 қыркүйек, үшіншісі 8-10 қазан, төртіншісі 11-13 қазан, бесіншісі 12-14 қараша, алтыншысы - 15-17 қараша күндері болады. Ойын кестесі кейін толықтай түзіледі.

Естеріңізге сала кетелік, UEFA Ұлттар лигасы алғаш рет 2018 жылы ойналды. Бұл жолы Қазақстан құрамасы Д дивизионында бірінші топта Грузия, Латвия, Андорра құрамаларымен кездесіп, өз тобында екінші орынды қанағат тұтты. UEFA Ұлттар лигасы 2018/2019 жылдардағы кезеңінің финалдық сатысында Португалия чемпион атанды.