Футбол: Қазақстан қыздар құрамасының қарсыластары анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің футболдан 19 жасқа дейінгі қыздар құрамасы 2019/2020 жылдардағы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінде жетінші топта сынға түсетін болды. Біздің құрамаға Испания, Грекия және Исландия құрамалары қарсылас атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
None
None

Бүгін УЕФА офисінде 19 жасқа дейінгі қыздар құрамалары арасындағы 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңін өткізетін мемлекет пен ойындар кестесі кейінірек анықталады.

Турнир ережесіне сәйкес, аталмыш біріншіліктің элиталық кезеңіне әрбір топтан үздік шыққан екі құрама ие болады. Сондай-ақ, үшінші орындағы  құрамалар арасынан жоғары көрсеткішке ие болған 4 құрама солардың қатарына қосылады. Элиталық кезеңнің жеребесі 2019 жылдың 22 қарашасында тартылады. Ал ойындар 2020 жылдың көктем мезгілінде өткізіледі. 

Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңіне жеті құрама шығады. Олардың қатарына жарысты өткізетін мемлекет ретінде Грузияның 19 жасқа дейінгі қыздар құрамасы қосылады. Финалдық кезең 2020 жылдың тамыз айында өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, футболдан Ұлттар лигасының финалдық сынына түсетін құрамалар толық анықталғанын хабарлаған едік.

Бұдан бұрын Ұлттар лигасының талабы мен тәртібі жөнінде жазылды.

Ұлттар лигасы финалдық сатысының жеребесі үстіміздегі жылдың 3 желтоқсанында тартылады. Жарыс жартылай финал, үшінші орын үшін сайыс және финалдан тұрады. Сондай-ақ, 2 желтоқсанда Ирландия астанасы - Дублин қаласында 2020 жылғы Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. 

Соңғы жаңалықтар