Футбол: Қазақстан мен Ресей тарихи ойынын өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордамызда футболдан Қазақстан құрамасы ресейлік әріптестерін қабылдайды. Бұл - 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің екінші тур ойыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалдық кезеңге 24 құрама жолдама алады. Қазақстан мен Ресей құрамалары I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Шотландия, Кипр және Сан Марино.

Екі құрама да 21 наурызда алғашқы тур ойындарын өткізіп үлгерді. Қазақстан өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ресей сырт алаңда Бельгияға 1:3 есебімен жол берді.

Қос құрама бұған дейін екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқы ойын 2008 жылдың 23 мамырында болды. Бұл жолы Ресей сапынан Павел Погребняк, Владимир Быстров, Константин Зырянов, Динияр Билялетдинов, Дмитрий Торбинский және Дмитрий Сычев гол соқты. Қазір аталмыш құрамадан Юрий Жирков қана бар. Келесі кездесу 2015 жылдың 31 мамырында ойналды. Ресей астанасы - Мәскеу қаласында болған кездесуде есеп ашылған жоқ.

Бүгінгі кездесу көршілес екі мемлекет құрамалары арасындағы алғашқы ресми матч болып табылады. Сол себепті оны екі құрама арасындағы тарихи матч деп бағалауға толық негіз бар. Сондықтан олардың әрбірі жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық. Біздің жігіттер бүгінгі күнге дейін Еуропада доп теуіп жүрген бұрынғы одақтас елдердің бірқатар құрамаларымен шеберлік байқасты. Олардың қатарында Украина, Беларусь, Латвия, Әзербайжан, Армения, Грузия бар.

Ресей құрамасы жайында біздің жанкүйерлер жақсы біледі. Тоқсаныншы жылдан бері олар 1994, 2002, 2014, 2018 жылдардағы әлем чемпионатына қатысты. Аталмыш турнирде әзірге жоғары нәтижеге қол жеткізе қойған жоқ. Сондай-ақ, 1996, 2004, 2008, 2012, 2016 жылдарда Еуропа чемпионатында бақ сынады. 2008 жылы аталмыш додада қола жүлдегер атанды. ФИФА рейтингінде биылғы ақпан айындағы нәтиже бойынша 50 орында тұр. Өз тарихында олар аталмыш рейтингте 1996 жылдың сәуірінде 3 орынға дейін көтерілген еді.

Соңғы жылдарда Ресей құрамасында жастар көбірек ойын көрсетіп келеді. 2016 жылдың тамыз айынан бастап құрама тізгінін жергілікті маман Станислав Черчесов қолға алды. Былтыр өз жерінде өткен әлем чемпионатында ресейлік футболшылар тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ширек финалға дейін сүрінбей жетті.

Орыс футболшылары 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің алғашқы турындағы Бельгиядан жеңілісінің орнын елордада өтетін ойында толтырамыз деп үміттеніп отыр. Оған біздің жігіттер де лайықты қарсылық көрсететінін айтады.

Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 20.00-де басталады. Аталмыш ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Фото: kff.kz

Соңғы жаңалықтар