Футбол: Қазақстан жастары Солтүстік Македониямен кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында 2021 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан жастар құрамасы өз алаңында Солтүстік Македониямен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ойын елорда уақытымен 17.00-де басталады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұл ойын қос құрама үшін де шешуші кездесу болып отыр. Екі құрама да турнир кестесінде 10 ұпаймен екінші және үшінші орындарды өзара бөлісіп тұр. Көш басында 16 ұпаймен Испания құрамасы келеді.

Бүгінгі кездесуде жеңген құрама турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түседі. Жарыс ережесі бойынша іріктеу кезеңінде тоғыз топта жеңімпаз болғандар және үздік нәтиже көрсеткен екінші орындағы бір құрама финалдық кезеңге тікелей жолдама алады. Екінші орындағы қалған сегізі өзара қалған төрт жолдаманы өзара сарапқа салады. Тағы екі жолдама жарыс қожайындары - Венгрия мен Словенияға беріледі.

Іріктеу сатысын қазақстандық футболшылар сәтті бастады. Алдымен сырт алаңда Фарер аралдарын 3:1, Черногорияны 2:1 есебімен сүріндірді. Одан кейін өз алаңында Испаниядан 0:1, Израильден 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал бесінші кездесуінде Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал алтыншы ойында өз алаңында Черногорияға 0:4 есебімен жеңілді. Одан кейін сырт алаңда Израильден 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартты.



Соңғы жаңалықтар