Футбол: Қазақстан жастары соңғы ойында жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында 2021 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан футболшылары өз алаңында Фарер аралдарын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футбол: Қазақстан жастары соңғы ойында жеңіліп қалды

Бұл екі құраманың да іріктеу кезеңіндегі соңғы ойыны болатын. Ойын барысында фарерлік футболшылар белсенді қимыл көрсетті.

Кездесудің 26-минутында олардың қатарынан Стефан Радосавлевич есеп ашты. Ал 50-минутта Петур Кнудсен есепті ұлғайтса, Йонн Йоханнессен 64-минутта мергендігімен көзге түсті.

Есеп 0:3. Фарерлік футболшылар осылайша белсенділігін арттыра түсті.

Осыдан кейін ғана қазақстандық жастар қарқынын үдетті. Ойынның 65-минутында Рамазан Каримов гол соқса, 81-минутта Оралхан Өміртаев пенальтиден есеп айырмасын қысқартты.

Ойында фарерлік футболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Жеңілісіне қарамастан Қазақстан жастары алтыншы топта төртінші орынды сақтап қалды . Ал Фарер аралдары 9 ұпаймен бесінші орында тұр.

Сондай-ақ, бүгін аталған топта Солтүстік Македония мен Черногория, Испания мен Израиль құрамалары кездеседі.